«Ислам мемлекеті» ұйымы өздері басып алған Ирактың Мосул қаласында темекі шегетіндер мен сатушыларды қатаң жазалауды қолға алды, деп хабарлайды Bnews.kz.
Енді Мосулда темекі сатқандарға 80 рет дүре соғылып, 700 мың Ирак динары (шамамен 580 АҚШ доллары) мөлшерінде айыппұл салынады. Бұдан бөлек, саудагерлер 2 аптадан астам уақытқа қамалады.
Ал темекіні Мосулға алып келгендерге 80 рет дүре соғылып, 4 айға абақтыға қамалады. Сонымен қатар, 4 миллион динар (3,3 мың доллар) айыппұл төлейді.
Мосул университеті қызметкерінің айтуынша, темекі шеккендер 20 мың динар (16 доллар) айыппұл төлейді. Қазір осындай шектеулердің салдарынан елде темекінің құны бірден артқан. Ал қала тұрғындары тіпті үйлерінде темекі шегуге қорқады.
«Ислам мемлекеті» ұйымы Иракта 2013 жылы құрылып, кейіннен Сирияны басып ала бастады. 2014 жылдың маусымында содырлар Тикрит және Мосул қалаларын бақылауына алды. АҚШ әскері 2014 жылдың 8 тамызында лаңкестерді әуеден шабуылдады. 23 қыркүйектен бастап америкалықтар мен одақтастары ұйымның Сириядағы топтарын ұдайы әуеден шабуылдауға көшті.
7 қарашада АҚШ президенті Барак Обама Ирак жауынгерлері мен күрт жасақтарын жаттықтыру үшін 1,5 мың әскерін жібермекші.
Дереккөз: bnews.kz