Атырауда «Өз көзқарасың» атты авторлық фотосуреттердің алғашқы көрме-аукционы өтті.Оған Қазақстанның, Ресейдің, Украина мен АҚШ-тың жас фотографтарының жұмыстары қойылды.
Ұйымдастырушылар - www.zhasatyrau.kzжастар порталы, Атырау жастар ресурстық орталығы және «Astana Alumni Association» еріктілер ұйымы.
- Көрмеге 60-қа жақын жұмыс қойылған. Авторлардың көпшілігі - өздігінен үйренген әуесқойлар, кейбірінің жасы он сегізге де толмаған. Бірақ бәрінің де өз фотокамераларының объективі арқылы жеткізетін осы әлемге деген жеке көзқарастары бар, - дейді фотокөрме ұйымдастырушыларының бірі.
25 жастағы Атырау тұрғыны Естай КАМЕШЕВ фотосуреттің ол үшін әзірге тек хобби екенін айтты. Оған табиғатты, сәулетті, адамдарды суретке түсіру ұнайды екен. Естайдың фотосуреттерінің ішінде көк тұңғиығындағы жұмбақ ай, Сәтпаев даңғылының түнгі жарығы, Каспий теңізінің жағасындағы жан тебірентерлік тәтті сезім тудыратын күн шапағы... бар.
19 жастағы Жанарыс ІЗТЕЛЕУОВ (суретте) бірнеше жыл бұрын ата-анасынан жақсы фотокамерасы бар ұялы телефонды сыйға тартуды өтінген екен. Сөйтіп, өз айналасындағы әлемді суретке түсіре бастаған.
- Туыстарым да, достарым да менің суреттерімді мақтап, осымен тоқтамай, әрі қарай да жалғастыра беруімді өтінді, - дейді Жанарыс.
Бүгінде Жанарыс суреттерді кәсіби айналы фотоаппаратпен түсіреді.
- Қас-қағым сәтте түсірілген фотосуреттер бар. Яғни, көрем де, түсіріп аламын. Дайындалып, ойластырылып, достарымның көмегімен түсірілген жұмыстар да бар, - деп әңгімелейді Жанарыс. – Бұл, мәселен, «Орындықтағы саяхат» көркем фотосуреттер сериясы, «Мен ұша аламын» фотосуреті... Ал, «Мен» фотосуреті Орталық көпір жанындағы Жайық жағасында түсірілді. Мен досымды тек жаға мен аспан ғана болатын фонда түсіріп алғым келді. Өзгеше болып шықты.
Украиналық Антон УГДЫЖЕКОВТЫҢ еңбектерін ұзағырақ көргің келеді. Ол қара-ақ фотосуреттер арқылы адамзаттың мұңын жақсы жеткізе біледі екен. Жалпы нағыз қызықты шығармалар көрмеде көп болды деп айта алар едім. Көрме аяқталғанда оны ұйымдастырушылар аукцион өткізді: ниет білдірушілер өздеріне ұнаған жұмыстарды сатып ала алады. Барлық түскен қаржы (160 мың теңге түсті) қымбат тұратын емге мұқтаж кішкентай атыраулық Жанель ЖҰМАҒАЛИЕВАҒА көмек ретінде табысталады.
- Біз қатысушылар шеңберін үнемі кеңейте отырып, фотокөрмені жыл сайын өткізуді жоспарлап отырмыз, - дейді ұйымдастырушылар.
Тамара СУХОМЛИНОВА
Суретті түсірген автор