– Күйеуіміз екеуміздің екі баламыз бар, бірі – мүгедек. 2014 жылдың мамырында біз қалалық ТКШ бөліміне мемлекеттік бағдарламаға жас отбасы ретінде қатысуға өтініш берген едік. Тамызда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде өзіміздің төлем қабілетімізді растатып, сол жерден есепшот аштырдық. Құжаттарымызды тапсыру үшін қалалық ТКШ бөліміне келген кезде күтпеген жерден банктің бағдарламаға қатысушыларды шығарып жіберуге құқылы екенін білдік. ТКШ бөліміндегілер пәтерлерді жыл аяғында немесе келесі жылы бөле бастайтындығын хабарлады. 3 айдан бері әлі алынбаған баспана үшін ақша төлеп жатырмыз. Оны кешікпей алатындығымызға ешқандай сеніміміз жоқ. Пәтерлер қашан дайын болады? Адамдарға 2012 жылы пәтерлер беруге уәде беріп, тек 2014 жылы ғана берген жағдайларды білетін едім.
А. Нұрмағанбетова
Сұраққа қала әкімінің орынбасары Жұмабай ҚАРАҒАЕВ жауап берді:
– 2014 жылдың 15 сәуірінде А.Нұрмағамбетованың жұбайы Мейрамбек Мұхишов жас от-басыларға арналған мемлекеттік «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасы бойынша баспана алуға өтініш берді. Ал, осы жылдың 28 шілдесінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне өздерінің төлем қабілеті бар екенін растады. Баспана алуға үміткер жас отбасылардың тізімі баллдық жүйе бойынша жасалды. Мұхишовтар отбасы 65 балл жинады.
Жас отбасыларға арналған баспаналарды бөлуді қалалық тұрғын үй комиссиясы үйлер пайдалануға берілгеннен кейін жүзеге асыратын болады. Жас отбасыларға арналған тұрғын үйлерді тапсыру 2014 жылдың аяғына жоспарланған.