– Ұлым туа бітті жүйке сырқатымен ауырады, ІІ топ мүгедегі. Психологиялық диспансер есебінде тұр. 3 бөлмелі пәтеріміз бар, жекешелендіру келісімшарты 4 адамға, соның ішінде ұлыма да рәсімделген. Қызыма бір бөлігін беру үшін пәтерді қалай ауыстыруға немесе сатуға болады? Нотариус алдымен ұлымның жағдайын анықтап, соттан құжат алу керектігін айтады. Айтыңыздаршы, қайда барғаным жөн? Менің сотқа қатысу үшін адвокат жалдауға мүмкіндігім жоқ.
Телефон арқылы
Сұраққа адвокат Бибігүл ТАУПИХОВА жауап берді:
– Сіз айтып отырған пәтер отбасының бүкіл төрт мүшесінің үлестік меншігінде, сондықтан оны тек отбасы мүшелері келісім берген жағдайда ғана тұтастай ауыстыруға немесе сатуға болады. Алдымен сізге Атырау қалалық сотына ұлыңызды қабілеті жоқ деп тану туралы өтініш бергеніңіз жөн. Өтінішке бүкіл медициналық құжаттар, сіздің туыстығыңызды растайтын құжаттардың көшірмелері, 926 теңге сомадағы мемлекеттік баж салығын төлегендігіңіз туралы түбіртек жалғануы тиіс. Өтінішке азаматтың жүйке сырқаты немесе бұзылуы, ақылының кемдігі немесе жүйкесінің басқа сырқаттылық жағдайы бар екендігін, соның салдарынан адамның өз іс-әрекетінің нақты сипаты мен мағынасын түсіне алмайтындығын немесе өзін игере алмайтынын растайтын жағдайлар баяндалуы тиіс. Сізге адвокат жалдаудың қажеті жоқ. Судья қозғалған іс бойынша ұлыңыздың мүддесін қорғайтын ресми өкіл-адвокатты тағайындайды. Адвокаттың заңды көмегі бюджет қаржысы есебінен тегін ұсынылады. Сіз өтінішті бергеннен кейін және іс қозғағаннан кейін сот-психиатриялық сараптама тағайындалатын болады, соның негізінде сот шешім шығарады.