Батыр кесенесі
Қазақ батыры Исатай Тайманұлының Ақтөбе облысы Қобда ауданы Шейітсай жерінде опат болғанына 175 жыл толды.
Қазір Атырау облысының Исатай ауданы әкімдігінің бастамасымен Қобда ауданында қоғам қаржысы мен демеушілердің көмегімен кесене салынуда. Құрылыс биыл бітуі тиіс.
***
Қыста да қабылдайды
Индер ауданы Елтай ауылындағы балалар лагерінде жылумен қамту жұмыстары басталды.
Бұл балаларды жыл бойына қабылдауға мүмкіндік береді. Ол үшін бюджеттен 36 млн теңге бөлінді. Жұмыстар мердігері - «Савит» ЖШС.
***
Міне, тұқым!
Қызылқоға ауданындағы «Тасшағыл» өндірістік кооперативі мен «Құрман», «Сұлтан», «Жұмақұлов» шаруа қожалықтары мал асылдандыру ісіне кірісіп кетті.
Оларға көрші Батыс Қазақстан облысынан қазақтың ақ бас сиырының төлін сатып алу үшін 2 млн 772 мың теңге мемлекеттік субсидия бөлінді.
***
Аудандағы жаңа мектеп
Құрманғазы ауданы Нұржау округіндегі Жамбыл елді мекенінде 120 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді.
Бұл - өткен жылы өртеніп кеткен мектептің орнына салынған Панфилов атындағы орталау мектеп. Құрылыс мердігері - «ЖұмаСан» ЖШС. Мұнда кәдімгі сыныптардан бөлек шағын топтар мен мектепалды даярлық топтары ашылған.
***
Жамағат қуанышы
Ганюшкино селосындағы көп жыл жөндеу көрмеген «Темірәлі» мешіті ақыры жөнделді.
Күрделі жөндеу жеке кәсіпкердің демеушілік қолдауымен жүргізілген.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА