Бұл туралы дүйсенбі күні белгілі болды, Turner Broadcasting System Europe Limited таратушы компаниясы тиісті кәбілдік операторларға ескертпе-хабарлама жіберді.
Ресейде бұл арнаның тоқтатылуы себебі туралы хабарламада ештеңе айтылмаған, CNN телеарнасының ресейлік бөлімшесі де түсіндірме беруден тартынып отыр.
CNN хабарларының тоқтатылатыны туралы хабарламаны «Вымпелком» және «Акадо» қуаттады. Ресейлік операторлардың бірінің дереккөзі мұны Ресей қадағалау комитетінің операторларға тиісті лицензиясыз шетелдік арналарды таратуға тыйым салу жөніндегі қатаң талабымен байланыстырады. Дереккөздің түсіндіруінде CNN арнасында осындай лицензия болмаған, арнаны тарату телекомпания хатының негізінде жүргізіліп келген, онда рұқсат алу жұмыс жүргізіп жатқаны айтылған.
Тағы бір оператордағы дерекөз арнаны таратуды тоқтату Ресейде осы арнадағы жарнама сатылуының төмен болуы уәжін келтіреді.
ТАСС-тың хабарлауынша, Ресей қадағалау комитеті CNN хабарларын ресейлік кәбілдік желілерде таратуды тоқтатуға қатысы жоқ екенін мәлімдеген. «Телеарна хабарларының тоқтатылуын CNN акционерлерінен сұрау керек», деді ведомство өкілі Вадим Ампелонский.
CNN Ресейде 1990 жылдардың басынан бері бірнеше жыл бойы «24-ші арнада» таратылып келді. Соңғы жылдары CNN-ді кәбілдік желілер ғана таратуда.
Бұдан бұрын Ресейде теле- және радиокомпаниялардың капиталында шетелдік тұлғалардың қатысуы шектеулі болғандықтан «Азаттық», «Америка дауысы», «Халықаралық француз радиосы», сондай-ақ Би-Би-сидің «Орыс қызметі» және «Неміс толқыны» радиостансаларының жұмысы тоқтатылған болатын.
Дереккөз: ҚазАқпарат