Атырау қазақ-түрік лицейінің 11-сынып оқушысы Талғат ЕГІЗБАЕВ 27-31 қазан аралығында Бразилияның Ново Гамбург қаласында өткен ХХІХ халықаралық «MOSTRATEC» ғылыми жобалар олимпиадасында 2-орын алды.
Оған әлемнің дамыған 28 мемлекетінен 17 сала бойынша 488 ғылыми жоба қатысқан. Ал Қазақстаннан 40 оқушы 14 жоба көрсеткен. Талғат Егізбаев астаналық екі оқушымен бірге математика саласы бойынша «Мерседес-бенс» белгісін формула ретінде қолдана отырып физика және математикалық есептерді шығаруға арналған «About Mercedes bens-frame» деп аталатын ерекше жоба ұсыныпты.
Талғаттың айтуынша, бұл формула арқылы техникалық жоғары оқу орындарында берілетін күрделі есептерді шығаруға болады.
Олимпиада дәстүрі бойынша оның қатысушылары арасында футбол турнирі ұйымдастырылады. Қазақстандықтар мұнда да басым түсті: олар Колумбия, Мексика, Бразилия және тағы басқа елдердің командаларын ұтып, бірінші орын жеңіп алды.
- Қазақстан Республикасы ғылым және білім министрлігінің шешімімен халықаралық олимпиадалардың қатысушылары мен жүлдегерлері ҰБТ тапсырудан босатылады. Алайда қай оқу орнына, қандай грантқа ие болғандары тек оқу жылының аяғында ғана белгілі болады, - дейді қазақ-түрік мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Эльбрус ПИРИЕВ.- Бұл грантқа ие болған оқушылардың арқаны кеңге салып жүрмей, сабаққа мықты дайындалулары үшін жасалған болуы керек.
Қайырбек САНСЫЗБАЕВ