7 қарашада Атырауда Венгрияның өңірлік консулдығы ашылды. Батыс Қазақстан бойынша құрметті консул болып «Атырау Жарық» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Оразғали ҚАРШЕГЕНОВ тағайындалды.
«Атырау Жарық» ғимаратында орналасқан консулдықтың ашылу салтанатына Венгрияның ұлттық экономика министрі Михай ВАРГА, Венгрияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Имре ЛАСЛОЦКИ, Атырау облысының әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ қатысты.
- Қазақстан мен Венгрияның қарым-қатынасы бүгінде жеткілікті дәрежедегі жоғары деңгейде. Венгрия Қазақстанның Еуропадағы стратегиялық серіктестерінің алғашқы бестігіне кіретінін толық жауапкершілікпен айта аламын, - деді ашылу салтанатында Варга.
Кейінірек елші Имре Ласлоцки бірнеше сұрақтарға жауап берді:
- Біздің елшілігіміз Астанада, бас консулдығымыз Алматыда бар. Бүгінде біз Қазақстаннан біздің үшінші өкілдігімізді үш облыс – Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан үшін аштық. Бізді көп нәрсе байланыстырады, оның үстіне: «мажарлар – нағыз батыстық қазақтар» дейді. Венгрлердің тарихи көшпелі халық екені белгілі, біз мұны мақтан тұтамыз. Бұл өңір бизнес үшін өте тартымды, бұл жерде экономикалық белсенділік жоғары. Екі жыл бұрын мен Атырауға жұмыс сапарымен келіп, әкім Ізмұхамбетовпен танысқан едім. Біз бір-бірімізге лайықты түрде әсер еттік деп ойлаймын. Сол кезде: «Өзара қарым-қатынасымызды неге нығайтпасқа?» деген сұрақ туындады.
Венгрияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Имре ЛАСЛОЦКИЕлшінің айтуынша, консулдық батыс өңірдегі Венгрияның мүддесін алға бастыру, венгр азаматтары мен олардың бизнестерінің құқықтық және экономикалық мүдделерін қорғау үшін ашылған. Айта кетелік, облыста бүгінде венгерлік қатысы бар 10-нан сәл астам компания жұмыс істейді.
Шарадағы тосын жайт - тағайындалған консул еді.
- Венгрияны энергетикалық компанияның директорлар кеңесінің төрағасымен не байланыстырады?– деп сұрадым мен орыс тілінде жақсы түсінісетін Ласлоцкиден.
- Құрметті консул – бұл қоғамдық жұмыс, өзіңіз түсінетіндей, еріктілік. Сондықтан ауқатты, ықпалды жақсы адам керек. Қаршегенов мырзаның венгр достары көп, олардың ішінде мен де бармын. Бұл адам Венгрияға инвестиция салуға әзір көптеген қазақтарды таба алады (әкім Ізмұхамбетов 10 минуттай бұрын сөйлеген өзінің құттықтау сөзінде инвестицияның қарама-қарсы бағытта салынуына үміт артатынын айтқан еді – З.Б.).
- Атыраулықтар Венгрияның құрметті консулы арқылы Шенген визасын алуға үміттене ала ма?
- Бұл мәселеде ол белгілі бір мөлшерде көмектесе алады, алайда визаны бұл жерде рәсімдеуге болмайды. Өзіңіз білесіз, ол үшін бұл жерде биометрия жүргізу керек (биометриялық мәліметтер бойынша виза алғысы келетіндерді идентификациялау; әдетте, бұл саусақ таңбаларын алу – З.Б.), қажетті жабдықтарды әкелу керек және т.б. Бірақ бұл туралы келіссөздер жүріп жатыр, бәлкім, бірнеше жылдан кейін бұл мүмкін болатын шығар.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ