Атырау, 3 қазан 14:15
 ашықВ Атырау +16
$ 483.23
€ 534.74
₽ 5.12

Жақын салуға келмейді

2 977 просмотра

Махамбет аудан орталығында Жайық өзенінің үстінен өтетін және Бұқар бетіндегі Есбол, Ортақшыл, Еңбекшіл, Ақжайық, Алға, сондай-ақ Лесхоз елдімекенін жақындастыратын автокөлік көпірінің құрылысы жүріп жатыр.

Биыл басталған құрылысқа республикалық және облыстық бюджеттен 9,8 миллиард теңге бөлінген болатын. Нысанды пайдалануға беру мерзімі - 2016 жыл.

Бұл көпірді жергілікті халық көп күтті.

- Біз көпір салынады дегенде қуандық. Бірақ, оны неге екені белгісіз, өзенге жақын орналасқан Есбол ауылынан шалғай салуды шешіпті,  -дейді ауыл халқы. 

Ұзындығы 660 метр, ені 12,8 метр көпір құрылысы Махамбет ауылынан 200 метр, ал Есбол ауылынан 2 шақырым жерде салынып жатыр. Махамбеттіктердің пікірінше, бұл қашық әрі қолайсыз.

Махамбет ауданы әкімінің орынбасары Әділбек ЗАЙДУЛЛИННІҢ айтуынша, жүзбелі көпір жұмыс істеп тұрған жерден көпір салуға болмайды.   

- Мүлде болмайды, - дейді әкім орынбасары. -Себебі ар жағы тоғайлы алқап. Жаңа көпірдің құрылысы аудан орталығынан қашық жерде жүріп жатқан жоқ. Мен көпір қашық деген әңгіменің «қайдан» шығып отырғанын білетін сияқтымын. Индерде салынған көпір тура аудан орталығының ішінде орналасқан. Осыған байланысты махамбеттіктер де бізде де солай болуы тиіс деп шешкен.

Көпір құрылысымен бірге Жайықтың Бұқар беті мен Самар бетіндегі көпірге дейінгі 8 шақырым жол салу жұмыстары жүріп жатыр. Құрылыстың тапсырысшысы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы болса, бас мердігері«Атырауинжстрой» ЖШС.

Көпір құрылысын бұған дейін Қызылорда, Ақтау, Алматы қалаларында көпірлер салып, тәжірибе жинақтаған қосалқы мердігер әзірбайжандық «Энергомост» ЖШС жүргізуде.  

- Қазір біз көпірдің табанын дайындап жатырмыз, -дейді учаске бастығы Ирадже АБДИРОВ. - Егер қыс жылы болса, біз жұмысты тоқтатпаймыз. Құрылысқа жергілікті тұрғындарды да тартып отырмыз. Барлығы құрылыс басында 160 адам еңбек етуде. Сондықтан, бізде еңбек күші де, техника да жеткілікті.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор

10 қараша 2014, 10:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.