Атырау, 21 желтоқсан 14:38
 ашықВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Спорт жаңалықтары

2 107 просмотра

Спортшы студенттер

Таразда спорттық карате-ден (WKFнұсқасы) клубтық ел чемпионаты өтті.

Жарыстарға еліміздің барлық өңірлерінен командалар қатысты. Атырау облысының намысын 2-БЖСМ және «Қайсар» спорт клубының шәкірттері қорғады. Атыраулықтар екі жүлдеге қол жеткізді: мұнай және газ институтының студенті Әсел Серікова (суретте оң жақта) «алтын», АМУ студенті Марат Жаңбыр «қола» иеленді. Спортшыларды жаттықтырушылар А. Рахман мен С. Торғаев дайындады.

***

 

 

Күміс жүлдемен Жапонияға жолдама

Облыстық джиу-джитсу федерациясының шәкірттері Теміртау қаласында өткен әлем чемпионы Балтабек Қызметті еске алуға арналған әскери самбодан республикалық турнирде екі жүлде алды.

82 келіге дейінгі салмақта Қанат Әшімов «күміс» ұтып, қарашада Жапонияда өтетін әскери самбодан әлем чемпионатында ел намысын қорғау құқығына ие болды. 

62 келіге дейінгі салмақта Мейрам Шамеков «қолаға» қол жеткізді. Екі спортшы да - жаттықтырушы Ерболат Сатыбалдиевтің шәкірттері. 

***

 

 

Шеберлер арасынан үздік шықты

Грецияның Халкидики қаласында самбодан шеберлер арасында әлем чемпионаты өтті. 

Атыраулық спортшы Марал Кәшенов 82 келіге дейінгі салмақта алтын медаль ұтып, халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін қорғады. Тағы екі атыраулық самбошы Жандос Тілекбаев (62 келіге дейін) пен Рүстем Ерманов (82 келіге дейін) сәйкесінше үшінші және төртінші орындарды иеленді. 

***

 

Будапешттен келген жүлделер

Будапештте Халықаралық күрестің біріккен стильдері федерациясының (FILA) нұсқасы бойынша грепплинг пен панкратионнан әлем чемпионаты өтті. Атыраулық спортшылар бұл турнирде алты медаль ұтты.

Грепплингтен 100 келіге дейінгі салмақта Тыныс Бисалиев облыс құрамасының қоржынына «күміс» салды. Ол «Традишен» санатында да осындай нәтиже көрсетті. Панкратионнан «фулл-контакт» санатында 66 келіге дейінгі салмақта Жұмагелді Жалғасұлы чемпион атанды. Ол үшінші рет қатарынан әлем чемпионы болып тұр, осылайша ол Қазақстанға еңбек сіңірген спорт шебері нормативін қорғады.

«Фулл-контакта» 84 келіге дейінгі салмақта Мирас Шантасов «күміс» медаль иеленді. Осы санатта атыраулық спортшылар Азамат Өтеулиев (77 келіге дейін) пен Жасұлан Хасимов (84 келіге дейін) қола жүлдегерлер атанды.

Командалық есепте Қазақстан құрамасы төрт алтын, 10 күміс және тоғыз қола медальмен Ресей және Украинадан кейін үшінші орынға табан тіреді.

Осы турнирмен қатарлас Стамбұлда Бүкіләлемдік панкратион федерациясы нұсқасы бойынша панкратионнан әлем чемпионатының өткенін айтып өткен жөн. Сол жерде атыраулық палуан Имран Әбубакаров қола жүлдегер атанды.

Облыс құрамасының аға жаттықтырушысы, Азия панкратион федерациясының президенті Сағындық Мекеев джиу-джитсу және жекпе-жек федерациясының жаттықтырушылары Айбар Есенғалиев пен Асқар Үмбетовке М. Шантасов пен Ж. Хасимовты жарысқа жақсы дайындағандары үшін алғыс айтты.

Аталып өткен басқа спортшылар С. Мекеев пен «Айдар» кәсіби спорт клубының шәкірттері болып табылады.

Суреттер «Айдар» КСК-дан алынды

***

 

Ардагердің жетістігі

Талдықорғанда ардагерлер арасында тоғызқұмалақтан Қазақстан чемпионаты өтті. 

«Классика» номинациясында (ойыншыға бір жарым сағат беріледі) облыстың және 1-БЖСМ аға жаттықтырушысы Құрманбай Әшетов (суретте) алтын медаль алды. Ол бес партияда жеңіске жетіп, екеуінде тең түсті. Осылайша, тоғызқұмалақ шебері Қазақстанның бес дүркін чемпионы атанды.  

Әшетовтың «блиц» номинациясы бойынша (ойынға 7 минут беріледі) күміс жүлде алғанын да айтып өткен жөн. 

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

6 қараша 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.