Доссор поселкесіндегі 150-ге жуық тұрғын үй «Ақбұлақ» ауыз сумен қамту бағдарламасына ілінбей қалған. Ауыз су құбырының енді қашан жүргізілетіні белгісіз.
Жүз жылдық тарихы бар мұнайлы мекеннің ауыз суға жарымай отырғаны жергілікті тұрғындардың наразылығын туғызып жүрген болатын.
Жүргізілгеніне 50 жылдай болған су құбырлары әбден ескіріп, істен шыға бастаған. Оларды пластик құбырларға ауыстыру бұдан үш жыл бұрын қолға алынған болатын, бірақ жұмыстың бітер түрі жоқ. Бастапқыда құбыр ауыстыру жұмысымен «Мұнайқұрылыссервис» ЖШС айналысып еді. Алайда, жұмыстың 30 пайызын ғана атқарып, аяқсыз қалдырып кетті. Қалған 73 шақырым құбырды ауыстыру жұмысымен өткен жылдан бастап «Ақжайсервис» ЖШС айналысуда. Бұл іске бюджеттен 449 млн теңге бөлінген болатын.
- «Ақжайсервис» ЖШС жұмысты қарашаның аяғында толық бітіруді жоспарлап отыр. Солай болады да деп отырмыз, - дейді Доссор поселкесінің әкімі Жарылқасын ИСМАГУЛОВ.
Жаз бойы темір құбырларды пластик құбырға ауыстыру жұмыстары жүргізілсе, енді сол құбырды үй-үйге кіргізіп беру жұмыстары жүріп жатыр. Дәл осы тұста кейбір үйлердің жобалық-сметалық құжаттамаға енбей қалғаны анықталды.
- Бірлік ықшам ауылында 50-ге жуық үй бар. Қасымыздағы Бірінші ауылға дейін пластик құбырлар тартылды да, бізді айналып өтті. Ал, тозығы жеткен құбырлар қыста қатып қалады, біз болсақ, сусыз қаламыз, - дейді Бірлік ықшам ауданының тұрғындары.
«Ақжайсервис» ЖШС-нің директоры Қуаныш ИСМАГУЛОВТЫҢ ақпараты бойынша, Бірлік ықшам ауданында құбыр төсеу, шынында да, жобалық-сметалық құжаттамада қаралмаған болып шықты. Сонымен қатар, 150-ге жуық үй тұратын Ынтымақ және Үшінші ауылдары да енбеген.
- Бұл кімнің жіберген қателігі екенін білмеймін. Біз жұмысты сызба бойынша жүргізудеміз. «Мұнайқұрылыссервис» ЖШС, жасыратыны жоқ, жұмысты сапасыз жүргізген, кейбір құбырлар жалғанбай да қалған. Енді біз жұмысты аяғына дейін жеткізуге тырысудамыз, - дейді Қ. Исмагулов.
Мақат аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Әбілхайыр ҚАДЫРОВ та 150 үйдің жобалық-сметалық құжаттамада қалай ескерілмей қалғанынан хабарсыз.
- Біз бұл үйлердің сметасын жасауға қосымша қаржы сұратамыз. Егер қаржы бөлінсе, онда бұл үйлер келесі жылы жаңа құбырға қосылады, - дейді ол.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА