24 қазан күні Шаймардан Сариев атындағы өнер музейінде мүмкіндігі шектеулі балалардың «Қайырымдылық» атты дәстүрлі облыстық байқау-көрмесі өтті.
Биыл да байқауға облыстың барлық ауданы мен Атырау қаласынан 67 оқушының 123 жұмысы қойылды. Құрамына белгілі қолөнерші Нұрсұлтан ҚАЛИЕВ пен музейдегі бейнелеу студиясының оқытушысы Мұрат ЛӘТІШ кірген қазылар алқасы балалардың жұмыстарын бейнелеу өнері және қолданбалы-сәндік өнер болып бөлінген екі номинация бойынша сарапқа салды.
«Бейнелеу өнері» номинациясы бойынша 1-орынға Мақат ауданынан келген Әлия СЕРІКОВА «Күз» деп аталатын акварель бояумен салған суретімен ие болды. 15 жастағы Әлия денсаулығына байланысты үйден оқиды екен. Ол мұндай шараларға жыл сайын қатысып тұрады. Өзі кішкентайынан сурет салуға құштар.2-орынға қызылқоғалық Мерейлім БЕРІКҚАЛИ ие болса, 3-орын индерлік Ринат ТӨЛЕУҒАЛИЕВКЕ бұйырды.
Қатысушылар арасында тағы бір жасөспірім болды, ол жүлделі орын алмаса да, көпшіліктің көзіне түсіп, есте қалды. Махамбеттік Ермұрат ТІЛЕК мүгедектер арбасына таңылған. Жақында 16-ға толатын ол сайысқа анасымен және әлеуметтік қызметкермен бірге келді. Анасы Мәншүк БИСЕНАЛИЕВА ұлының бұл сайыстағы жетістігіне ғана емес, өмірдегі жеңісіне риза.
- Ұлым сурет салады, қолынан неше түрлі бұйымдар жасағанды ұнатады. Сонымен қатар компьютерді де жақсы меңгерген. Өзі 9-сыныпта оқиды, әрине, мектепке бара алмайды, үйден оқимыз, дегенмен сабағы жақсы, - дейді анасы мейіріммен ұлына қарап.
«Қолданбалы-сәндік өнер» номинациясы бойынша 1-орын Махамбет ауданынан келген Айбек ШАПИЕВКЕ бұйырды. №2 көмекші мектеп-интернатта білім алатын 15 жастағы Айбек ағаштан жасалған бұйымының қазыларға ұнағанына қуанышты.
- Мен бүгін өте ризамын. Жұмысымды осы музейге алып қалып жатыр. Жүлделі орын алған балалардың жұмыстары осындағы көрмеге қойылады екен. Сонымен қатар, маған бүгін Нұрсұлтан Қалиев бірнеше кеңесін беріп, ойымен бөлісті. Мен қолөнерден бөлек сурет салғанды да ұнатамын, - дейді Айбек.
Осы жерде біз 21 оқушының жұмысын алып келген Махамбет селосындағы №2 мектеп-интернат мұғалімдерімен де тілдестік. Сурет пәнінің мұғалімі Гүлжан ОРАШЕВА балалардың сайысқа үлкен ынтамен қатысатындарын жеткізді.
- Біз бұл көрмеге биыл төртінші рет қатысып отырмыз. Жүлделі орынсыз кеткен кезіміз болған жоқ. Міне, биыл да бірнеше оқушымыз жүлделі орын алды.
Аталмыш номинация бойынша 2-орынды Құрманғазы ауданының оқушысы Айдана ОТАРБАЕВА еншілесе, 3-орын Қызылқоға ауданының оқушысы Гүлбақыт ТҰРБЕККЕ бұйырды.
Балалардың барлығы ынталандыру сыйлығымен (суретшілерге арналған түрлі-түсті қарындаштар, бояулар, қаламдар, сурет және оқу құрал-жабдықтары), ал, жеңімпаздар ұялы телефондармен марапатталды. Сыйлықтарды тапсыру барысында денсаулығына байланысты келе алмаған қатысушылардың ата-аналары мен мұғалімдеріне музей директоры Жайдарбек ЗАЙДУЛЛИН:
– Балаларға марапаттарын мектепте өтетін жиналыстарда тапсырыңыздар, олар оған қатты қуанып қалады, бұл олар үшін – жеңіс, - деп өтініш жасады.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА