«Саренс» компаниясында хабарлағандай, сәрсенбі күні, 29 қазанда сағат 13-тен 17-ге дейін ірі габаритті жүк (ені 10,5 метр, биіктігі 10,5 метр және салмағы 300 тонна) «Теңіз» кенішіне сапарын жалғастырады.
24 қазанда жүк Атырау қаласынан Доссор поселкесіне дейін жеткізілді.
- Бұл жолғы біздің міндетіміз – теміржол көпірінен айналып (көпір көтермес еді), алып үшін арнайы жарақталған жол бөлігінен өтіп, Доссор - Құлсары тас жолының бойымен 18 шақырым жол жүру. Келесі аялдама – осы тас жол бойындағы Сағыз поселкесінің шеті. Сағыздың артқы жағында тағы бір көпір – тұзды көл (сор) арқылы өтетін өткел бар. Ол да жүкті көтермейді. Платформа тиелген тартқыштар осы батпаққа бастып қалмас үшін біз оның беткі жағына бетон тақталар төсейміз. Өткел құрылысына тағы бес күндей кетеді. Содан кейін жүк жол жүруді жалғастырады, - деді «Саренс» компаниясындағылар.
Естеріңізге салсақ, жүк жылдамдығы сағатына 10-15 шақырымды құрайды. 29 қазанда күндіз қарсы жолақтағы көліктер жол жиегінде жүктің өтуін күтіп тұруы тиіс. Доссорға қарай шығатын көліктер жүктің соңынан қозғалуы керек.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ