Венесуэла Президенті Николас Мадуро АҚШ-ты ғаламшарымызға зиян келтіріп отыр деп айыптады. Ол мұндай мәлімдемені ел үкіметінің федералды кеңесінде жасады, деп хабарлайды Lenta.ru.
Оның айтуынша, АҚШ мұнайды гидравликалық жару (фрекинг) тәсілімен өндіріп отыр.
«Венесуэла АҚШ-тың мұндай әдіспен мұнай өндіруіне түбегейлі қарсы. Қазір онсыз да әлемдік нарықта мұнай шектен тыс көбейіп кетті, бұл бірінші кезекте мұнай бағасының арзандауына әкеп соғады. АҚШ осылайша Ресей мен Иран экономикасына едәуір зиян келтіруді көздеп отыр», - дейді Мадуро.
Жақында ОПЕК-ке мүше мемлекеттер шұғыл отырыс өткізіп, мұнай нарығын реттеу мәселесін талқыламақ.
Қазан айының ортасында канадалық музыкант әрі режиссер Нил Янг АҚШ президенті Барак Обамаға импичмент жариялауды ұсынған еді. Оның айтуынша, Америка басшысы гидравликалық жару тәсілімен мұнай өндіріп, қоршаған ортаға немқұрайды қарап отыр. Сол себепті оны осы әрекеті үшін жұмысынан босату керек деген болатын.
Жуырда Америка ғалымдары анықтағанындай, гидравликалық жару тәсілімен мұнай өндіру әртүрлі табиғи катклизмдерге әкеп соғады. Нақтырақ айтсақ, фрекингті қолданудың кесірінен 2013 жылы Огайода көптеген жер сілкінісі болды.
Дереккөз: BNews.kz