Жексенбіде, 26 қазан күні №№12 және 16-шы екі округ бойынша Атырау қалалық мәслихаттарына қосымша сайлау өтеді.
Осы округтар бойынша бұрыннан сайланған депутаттар Серік НӘЖІКЕНОВ («Атырау НС-сервис» ЖШС директоры, мәслихаттағы экономика, жоспарлау, бюджет, кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі) пен Аркадий КИМ («УС-99» ЖШС бас директоры, ауыл шаруашылығы, энергетика және автокөлік жолдары мәселелері бойынша тұрақты комиссия мүшесі) өз құзыреттіліктерін мерзімінен бұрын тоқтатты.
- Олар «өз еріктерімен» мәтінінде өтініш жазып, мандаттарын тапсырды, қалалық мәслихаттың жазғы сессиясында депутаттар бұл өтінішті бірауыздан мақұлдады, - деді «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалының бірінші орынбасары, қалалық мәслихат депутаты Қанат ӘЗМҰХАНОВ.
Әзмұхановтың айтуынша, кезінде атышулы УС-99-дың құрылтайшысы болған Владимир ПАКТЫҢ қол астында жұмыс жасаған және экс-әкім Бергей РЫСҚАЛИЕВТЫҢ қылмыстық ісі бойынша куәгер ретінде тартылған Аркадий Кимнің өз мандатын мерзімінен бұрын тапсыруына бұл атышулы процестің еш қатысы жоқ. Депутаттар депутаттық мерзімі 2017 жылы аяқталуы тиіс А. Кимнің денсаулығына байланысты кеткенін айтады.
Кетіп қалғандардың орнына алты үміткер ұсынылды: №12 округ бойынша – «Ломбард-Жайық» ЖШС директоры Диас СҰЛТАНОВ («Нұр Отан» партиясынан), «МС Атырау» ЖШС директоры Владимир КАН, жеке кәсіпкер Ерғазы БАЛТАХАНОВ; №16 округ бойынша – «Амангелді» кооперативінің директоры Мұрат ӘМІРҒАЛИЕВ («Нұр Отан»), «Фемида» ЖШС директоры Еркебұлан ТАҒАШЕВ, жеке кәсіпкер Серік ШҮНІШҚАЛИЕВ.
Дауыс берулер тоғыз учаске бойынша өтеді: №16 (Авангард, медколледж), №17 (Лесхоз, №28 ОМ), №19 (Рембаза, Ғ. Мұратбаев атындағы орта мектеп), №24 (облыстық аурухана), №46 (Азаттық, 152а, индустриалды колледж), №58 (Балықшы, Ломоносов атындағы мектеп), №60 (Балықшы, Қойшыбаева атындағы музыкалық мектеп), №63 (Балықшы, Жангелдин атындағы орта мектеп), №78 (Балықшы, облыстық наркодиспансер). Дауыс беру 7.00-де басталып, 20.00-де аяқталады.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА