Атырау, 27 желтоқсан 01:27
 бұлттыВ Атырау -3
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Қолайсыз елдерге бармаған жөн

2 097 просмотра

– Әлеуметтік желілерде Эбола вирусына шалдығу қаупіне байланысты облыс аумағына банан әкелуге тыйым салу туралы хабарлама таратыла бастады. Осы рас па?

Марат

Сұраққа Атырау облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің басшысы Өмірзақ ЗИНУЛЛИН жауап берді:

– Дүние жүзінде банан тұтынуға байланысты аурулар тіркелмеген. Банандар кез келген көкөністер мен жеміс-жидектер секілді, егер оларды тұтынар алдында мұқият жумаса, жұқпалы аурулардың көзіне айналуы мүмкін. Тұтынушылар құқығын қорғау қызметі тарапынан банандарды тұтынуға ресми түрде тыйым салу немесе шектеу қойылған жоқ.

Батыс Африка елдеріндегі Эбола індетіне байланысты қалыптасқан ахуалдың салдарынан және халықтың эпидемиологиялық саулығын қамтамасыз ету мақсатында тұтынушылар құқығын қорғау департаменті «Атырау облысының аумағына Эбола, Денге безгектері, құс тұмауы, коронавирусты инфекцияның жеткізілуі мен таратылуына жол бермеуге бағытталған жедел шаралар жоспарын» бекітіп, қолданысқа енгізді. Облыстағы бүкіл емдеу-профилактикалық мекемелерге Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша Эбола безгегінің алдын алу және ол анықталған жағдайдағы шаралар алгоритмі енгізілді. Осы жұқпалы аурулардың облыс аумағына әкелінуіне және таралуына жол бермеу мақсатында тұтынушылар құқығын қорғау департаменті 2014 жылдың 22 тамызында туристік фирмалар мен ірі шетелдік компаниялардың қызметкерлері үшін семинар өткізді. Мұндай семинар облыстағы медицина қызметкерлері үшін өткізілді. 2014 жылдың басында Атырау қаласының халықаралық әуежайында, теміржол вокзалында 7 оқу-жаттығу өткізілді. «Интертич» емханасының базасында облыстағы медицина қызметкерлерінің қатысуымен оқу-жаттығулар өткізілді. Оқу мақсаты: сырқат тіркелген жағдайда немесе науқаста Эбола безгегі бар деп күмәнданған жағдайда медициналық қызметтердің біріккен шараларын тәжірибе жүзінде жасау, сонымен қатар науқаста Эбола безгегі бар деп күдіктелген кезде медицина қызметкерінің әрекетін үйретіп, көрсету. Атырау қаласының халықаралық әуежайында карантиндік және аса қауіпті жұқпалы аурулары бар елден келген тұлғаларға күшейтілген санитарлық-карантиндік бақылау жүргізілуде.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша 2014 жылдың 30 қыркүйегінде Эбола безгегіне шалдыққандар саны 6 644 адамға жеткен, 3 133 адам қайтыс болған. Эбола гемморагиялық безгегі - Эбола вирусымен туындайтын аса қауіпті вирустық жоғары контагиозды ауру. 50-90% клиникалық жағдайлар өлім-жітіммен аяқталады. Инкубациялық кезең 2-ден 21 күнге дейін созылады. Бұдан адам мен кейбір приматтар зардап шегеді. Эбола вирусы ауру жұқтырған адамның қанымен, сілекейімен, органдарымен жақын қарым-қатынаста болғанда және организмдегі басқа сұйықтықтары арқылы жұғады. Эбола безгегі үшін дене температурасының күрт көтерілуі, қатты әлсіздік, бұлшық еттер мен бастың ауруы, сондай-ақ, тамақтың ауруы тән. Көбіне бұл құсумен, диареямен, бөртпемен, бауыр және бүйрек қызметтерінің бұзылуымен, кейбір жағдайларда ішкі, сонымен бірге сыртқы қан кетулермен де қоса жүреді. Эбола безгегін арнайы емдеу тәсілі жоқ, вакциналар жасалуда (болжамды шығару уақыты – 2015 жылдың басы). Халықтың эпидемиологиялық саулығын қамтамасыз ету мақсатында Атырау облысының тұтынушылар құқығын қорғау департаменті Эбола безгегі бойынша келеңсіз елдерге эпидемиологиялық ахуал дұрысталғанша мүмкіндігінше сапарға шықпауға кеңес береді.

23 қазан 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.