Түркия Премьер-министрі Ахмед Давутоглу егер үкіметтің елдегі күрд халқына екінші деңгейлі азаматтар ретінде қарайтыны дәлелденсе, отставкаға кетуге әзір екенін мәлім етті, деп жазады trend.az «Sabah» түрік басылымына сілтеме жасап.
Ол Түркияның барлық азаматтары тең құқылы екенін баса айтты.
Премьер-министрдің айтуынша, Түркияда белгілі бір ұлттың өзге ұлттан үстемдігіне жол берілмейді.
Түркияның күрдтер көп тұратын сириялық Кобани қаласын «Ислам мемлекеті» содырларынан азат ету операциясында әскери күш қолданудан бас тартуын бірқатар оппозициялық партиялар сынға алып, үкімет күрд халқына екінші деңгейлі азаматтар ретінде қарайды деп айыптаған болатын.
Күрдтер тұрып жатқан сириялық Кобаниді жақында «Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымы өз бақылауына алды. Салдарынан Түркия аумағына Кобаниден 100 мыңға жуық күрд қашып кірді деген ақпарат бар.
Түркия сыртқы істер министрі Мовлут Чавушоглу 20 қазанда Анкара күрдтердің әскериленген құрылымдарының түрік жері арқылы Ирактан Кобаниге өтулеріне келісім бергенін мәлім етті.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта Кобаниде «Ислам мемлекеті» лаңкестерімен күрдтердің жеті әскериленген құрылымы соғысып жатыр.
Дереккөз: bnews.kz»