Атырау облысы жаңа тұрғын үй салудан өзінің бесжылдық рекордын жасады: қаңтардан тамыз айына дейін 291,1 мың шаршы метр қолданысқа берілген. Бұл туралы ranking.kz мониторингтік агенттігі хабарлады. Кейін анықтағанымыздай, облысты рекордқа шығарған... халықтың өзі екен.
Осы рекордтың 91%-ы жеке үй салушыларға тиесілі.
Облыс халқы 243 678 шаршы метр тұрғын үй салған, яғни, жеке тұрғын үй құрылысының арқасында 83,7% есептік «шаршылар» салынған. Тұрғын үй салудағы мемлекеттің үлесі, «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы бойынша салынған үйлерді қосқанда 8,6%-ды құрады.
Дегенмен тұрғын үйлерді қолданысқа енгізу бойынша абсолюттік деректер бойынша Атырау облысы республикада 5-орында тұр. Бұл түсінікті де – біздегі тұрғын халықтың саны небары 550 мың адам.
Біз жартылай салынып «қатып қалған» құрылыстар туралы мәліметтер іздедік. Мұндай «сақалды» құрылыстар қаламызда тек екеу ғана екен: Яблочный көшесі бойындағы көпқатарлы үй мен педагогикалық университет маңындағы таун-хаус құрылысы.
2007 жылдан осы жылдың көктеміне дейін Жайықтың оң жақ жағалауында «Ривьера» үлкен коммерциялық жобасы тоқтап тұрды. Мамыр айынан бастап нысанда жұмыстар қайта басталды. Жеке меншік компания тапсырыс беруші «Базис А» компаниясынан нысанды сатып алды. Құрылыстың жаңа иелері нысанды 2015 жылдың тамыз айында тапсыруды жоспарлап отыр. Жалпы ауданы – 24 мың шаршы метр.
Маусым айына дейін мемлекет қаржыландырған бірнеше нысан тоқтап тұрды. Бұл - «Снабойлстрой» ЖШС бастаған Нұрсая мен Алмагүл ықшамаудандарындағы көпқатарлы үйлер. Атырау облысы бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаментінің сапаны бақылау бөлімінің басшысы Мұрат САРБАЛИННІҢ айтуынша бұл үйлер 50-70% дайын болған.
- Құрылыс «Снабойлстрой» ЖШС-іне қарсы басталған сот ісіне байланысты тұрып қалды. Бүгінде тапсырыс басқа мердігерлерге берілді,- деп мәлімдеді ол.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ