АМУ спорт кешенінде танымал World Of Tanks ойыны бойынша кибертурнирлер сериясының екінші маусымы «Қазақстан үшін ұрыстың» финалдық кезеңі өтті.
Төрт жыл бұрын белоруссиялық Wargaming компаниясы өзінің стратегиялық World of Tanks онлайн-ойынын жарыққа шығарды. Ойынға Екінші дүниежүзілік соғысты арқау етіп алған. Ол жерде КСРО-да, Үшінші рейхте, АҚШ-та, Францияда, Ұлыбританияда, Қытай мен Жапонияда пайдаланылған немесе жасалған танктер мен өздігінен жүретін зеңбіректердің 300-ден астам түрі ұсынылған. Бұдан басқа, ойында ұрыс техникасының көшірме түрленімдері – іс жүзінде танкке ешқашан орнатылмаған зеңбіректер, мұнаралар, двигательдер қолданылады. Жалпы ойын ХХ ғасырдағы 30-60 жылдардағы танк жасау тарихын қамтиды.
Ойын кеңестік дәуірден кейінгі кеңістіктегі көптеген табынушыларға ие болды. Айта кету керек, компьютер ойынына құмарлықтың ауқымдылығы сондай, геймерлерді жеке қосалқы мәдениет өкілдеріне жатқызуға болады. Тіпті жеңімпаздар қомақты ақша табатын киберспорт секілді түсінік пайда болды. Атырауда World of Tanks бойынша өткізілетін кибертурнирге оны ұйымдастырушы Wargaming компаниясы мониторларында қиян-кескі танк ұрыстары жүріп жатқан ондаған қуатты компьютерлерді әкелді. Ал зал ортасына командалардың ұрысы көрсетіліп тұратын үлкен монитор орнатылған.
Атырау облысы командасының тіркелгені ресми World of tanks сайтында жарияланды. Онлайн-режимде өткен іріктеу турына қатысуға өтініштер 20 командадан (7 ойыншыдан) түскен, ал финалға тек төртеуі өтті. Олар ойын алаңында жүлделі орындар мен Қазақстан суперфиналына жолдама алу үшін шайқасты. Ал ниет білдірушілердің барлығы өздерін жеке сынақтан байқап көре алады.
– Қатысушылардың негізгі жасы - 25-30 жас аралығы. Бірақ олардан кішілер де, үлкендер де бар, – дейді Wargaming компаниясының ивент-менеджері Евгений ПЕТЛЁВ. – Командалық сайыста әр қатысушының жекелеген шеберлігі ғана емес, бірге әзірленген тактика мен ұрыс жүргізу стратегиясы да шешуші рөл ойнайды. Көп нәрсе тікелей командирге де байланысты.
Ақтөбе қаласының 35 жастағы тұрғыны Беркін ЖАНЖІГІТОВ Атырауға арнайы турнир үшін келіпті:
– Мен үш жылдан бері осы ойынға әуеспін. Соның арқасында тек Қазақстаннан ғана емес, Ресейден, Украинадан, Белоруссиядан көп достар таптым. Менің әуестігіме әйелім қалай қарайды дейсіз бе? Бастапқыда құп көрмеді, маған шарт қойып – не ойын, не отбасыңды таңда деді. Содан кейін ымыраға келдік қой.
Командалар арасындағы шайқасқа 15 минуттан уақыт беріледі. Нәтижесінде үшінші орынды «Қазақстан арландары», екінші орынды - LA1M, бірінші орынды GUW командаларының жігіттері жеңіп алды. Жақын арада осындай турнирлер Ақтөбеде, Қостанай мен Петропавлда да өтеді.
Жеңімпаздар желтоқсан айында Қарағандыда өтетін суперфиналда кездеседі. Айта кету керек, өткен жылы Алматыда өткен «Қазақстан үшін ұрыс» суперфиналының жүлдегерлері 1 млн, 400 мың және 250 мың теңгеден ақшалай сыйлықтар алған.
Тамара СУХОМЛИНОВА
Суретті түсірген автор
Киберспорт (ТМД-дан тыс жерлерде e-Sportsретінде танымал) – компьютер технологиясы қолданылатын сайыс-ойын: компьютер виртуалды кеңістік құрып, соның ішінде шайқас өтеді. Ірі шайқастар бірнеше мыңдаған қатысушыларды жинай алады, ал өтетін уақыты үзіліссіз 10 күнге дейін жетеді.