Атырау, 27 қараша 18:38
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Шаруаларға егін бітік шықпағаны үшін айыппұл салынады

2 489 просмотра

«АЖ»-ға бұл туралы «Атырау» ӘКК» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Абат ТАСИМОВ хабарлады.

Биыл облыстық тұрақтандыру қорына азық-түлік сатып алу көлемі 2013 жылмен салыстырғанда 80%-ға артып, 9 мың 385 тоннаны құрады. Қордағы көкөністердің мөлшері – 8 мың 540 тонна, қалған 845 тоннасы – грек жармасы, күріш, қант, өсімдік және сары май, құс еті мен макарон сияқты «бакалея».

Картоптың биылғы «стратегиялық қорының» көлемі – 6 мың 125 тонна (2013 жылға қарағанда 91%-ға артық), жуа – 1 865 тонна (үштен бірі артық), қызылша – 50 тонна (65%-ға артық). Орамжапырақ пен сәбіз дайындау көлемі өткен жылғы деңгейде, сәйкесінше, 200 және 300 тонна. Мұның бәрін сақтауға қуаттылығымыз жетеді. Жұмысқа «Ардагер» ықшамауданында орналасқан, «Атырау АгроСервис» ЖШС-тің сенімді басқаруындағы 10 мың 200 тонналық екі көкөніс сақтау қоймасы жұмысқа дайын. Бүгінде қоймаға 5 670 тонна көкөніс әкелінді.

Жоспар бойынша көкөністердің 70%-ы жергілікті шаруа қожалықтарының егін орағы есебінен дайындалып, қалғаны Павлодар және Қостанай облыстарынан әкелінуі тиіс. Көктемде 16 шаруа қожалығымен жалпы сомасы 201 млн теңге болатын 5 730 тонна көкөніс жеткізуге фьючерлік шарт жасалды. Оларға алдын ала төлем ақы (70%) төленді. Алайда жоспарланған 3 255 тонна картоптың орнына жергілікті шаруалар егіннің бітік шықпауына байланысты 2 135 тонна тапсырды. Жетпей қалған 1 120 тоннаны тағы да Павлодар мен Қостанайдан сатып алуға тура келеді.

- 16 шаруашылықтың 10-ы ғана картоп өсірумен айналысады. Олардың алтауы - «Феликс», «Агрохолдинг – Жасыл алқап», «Дастан», «Алға», «Қарағаев» және «Арай» шаруа қожалықтары жеткізу жоспарларын орындады. Ал төрт шаруашылық шарт талаптарын орындай алмай қалды. Біз олардан төленген соманы өндіріп алып, 14 млн айыппұл саламыз. Фьючерстың талаптары солай болған, - дейді А. Тасимов.

Жуа, сәбіз, қызылша мен орамжапырақ жеткізу жоспарларын шаруалар толықтай орындады.

Облыстық әкімдік алдағы қысқа тұрақтандыру қорындағы өнімдерге келесідей бағаларды бекітті: картоп 75 теңге (өткен жылғы баға – 81 теңге), жуа 65 (70) теңге, сәбіз, орамжапырақ, қызылша 75 теңгеден (өткен жылғыдай) сатылады.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ  

20 қазан 2014, 17:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.