Жексенбі күні, 19 қазанда өзен айлағынан Атыраудың бірнеше көшесі арқылы Теңіз кенішіндегі ТШО зауытына арналған ірі габаритті жүк өткізілетін болады.
300 тонналық жүктің ені - 10,5 метр, яғни ол бүкіл көлік жолын алады. Колонна платформаны тартатын екі қуатты тартқыштан тұрады. Қозғалыс жылдамдығы сағатына 10-15 шақырым. Бізге тасымалды жүзеге асырушы «Саренс» ЖШҚ Атырау филиалындағылар хабарлағандай, платформа көп дөңгелекті екен. Осылайша қалалық көлік жолдары үшін бір оське түсетін жүк күші норма шегінде болмақ.
Бұл маршрут лайықты ені бар көшелер таңдалып, қалалық әкімдікпен және коммуналдық қызметтермен келісілген. Ол былай болмақ: өзен айлағы – Құнанбаев көшесі (Балықшы) – «Ақ Жайық» қонақ үйіне дейінгі Азаттық даңғылы – Абай көшесі – Канцев көшесі– Сырым Датов көшесі – СМП-136 – Элеваторная көшесі – Бірлік поселкесі – Атырау – Теңіз тас жолына шығатын жол. Жүк өзен айлағынан таңғы сағат 7-де шығарылады. Маршрут барысына қарай көлік қозғалысы жабылатын болады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ