Үстіміздегі жылдың маусым айында облыстық грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті болып «АМӨЗ» ЖШС бас директоры Қайрат ОРАЗБАЕВ сайланды.
- Қайрат Құлымұлы, сізден басқа федерацияның атқарушы комитетіне кімдер кіреді?
- Федерацияның бұрынғы президенті Асқар Құлов, грек-рим күресінен ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Рашид Мусин, еркін күрестен облыс құрамасының аға жаттықтырушысыАсылан Жаманбаев, федерацияның атқарушы директоры Кенжебек Шахметов, ревизиялық комиссияның төрағасы Светлана Мутовчиева кіреді. Бұл құрам Қазақстанның грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының келісімімен жұмыс жасап жатыр.
Күреспен әуестенген балалардың саны күннен-күнге артып келеді. Бүгінде грек-рим күресі бойынша 535 палуан болса, еркін күрес түрінен 485 спортшы бар. Еркін күрес бойынша 29, грек-рим күресінен 19 жаттықтырушымыз бар. №1 мектеп-интернат шәкірттері арасында әйелдер күресі секциясы ашылып жатыр.
Соңғы үш айда федерацияның атқарушы комитеті спортшылардың барлық оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарына қатысу шығындарын төледі. Спорттық және кәсіби шеберліктерін арттыру мақсатында 30 спортшы мен жаттықтырушыларға Ташкент қаласында өткен әлем чемпионатына бару жол шығындары қаржыландырылды. Сонымен қатар, спортшылар Дағыстанның Хасавюрт, сол сияқты Алматы, Шымкент және Астана қалаларында жиындарға қатысып келді.
Облыс құрамасының Шу, Жаңаөзен, Ақтөбе, Талдықорған және Шымкентте болған халықаралық турнирлерге қатысу шығындары да төленді. Облыс құрамалары сапында барлық салмақ дәрежесінде де палуандар бар. Жігіттер бірыңғай, әдемі спорттық киім киіп жүр. Шығындардың барлығын дерлік федерация өз мойнына алады. Қалалық және аудандық спорт мектептеріне құрал-жабдықтар алынды. Атап айтсақ, Мақат, Индер, Құрманғазы, Жылыой аудандарының БЖСМ-деріне күрес кілемдерін алдық. Атырау қаласында кілемдер 1-БЖСМ, 4-БЖСМ және №1 мектеп-интернатқа берілді. Жақын әзірде спорт мектептеріне зілтемірлер, тәсіл жасап үйренетін манекендер, гантель, кір тасы, арқан, доп, спорттық таразы және т.б. спорт құралдары жеткізіледі.
-Әйелдер күресі секциясын құру туралы толығырақ айтып кетіңізші.
- Федерация облыста әйелдер күресі секциясын ашу және қаржыландыру шығындарының барлығын өз мойнына алды. Индер кентінде бір топ қыз қазірдің өзінде жаттығу жасап жатыр. Енді Атырау қаласында ашу жоспарымызда бар. Жұмысқа жаттықтырушы, ҚР спорт шебері Гүлбаршын Смаилова шақыртылды.
-Жетекші палуандар қандай көмектер алып жатыр?
- Біз жетекші спортшыларымызды әлеуметтік қорғау және жұмысқа орналастыру үшін демеушілер тартамыз. Бұлар: 2014 жылғы студенттер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері Илья Насточенко, 2014 жылғы ҚР чемпионы және 2013 жылғы ҚР Кубогының иегері Азамат Өміржанов, ҚР және Азия чемпионаттарының жүлдегері Айдарбек Баймұратов, 2014 жылғы Азия чемпионы, 2014 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасының қола жүлдегері Евгений Поливадов, жастар арасында ҚР чемпионатының жүлдегері Бекмұрат Есеналиев, 2014 жылғы ҚР чемпионатының қола жүлдегері, 2014 жылғы Дәулет Тұрлыханов сыйлығына арналған халықаралық турнирдің жеңімпазы Асылбек Қосаманов, халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпаздары Қайыржан Байшураев пен Ибрагим Жанаевтар.
Жыл аяғына дейін федерация Атырауда бірқатар жарыстар өткізуді жоспарлап отыр. Бұлар – спорт шеберлері М. Атабаевты, жаттықтырушы А.Е. Лиді, Т. Нұрмұхановты еске алуға арналған халықаралық турнирлер, 1998-2000 ж.т. кадеттер арасындағы облыс чемпионаты. Мақсат біреу – атыраулық палуандарға 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиадаға лицензия ұтып алу.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Сурет АМӨЗ баспасөз қызметінен алынды