Мақатқа - 90 жыл
Мақат ауданының құрылғанына 90 жыл толуына орай «Бозтөбе» учаскесінде мерекелік шаралар өтті.
Еңбек ардагерлерін марапаттау рәсімі өтіп, аламан бәйге, түйе палуандар жарысы және спорттық шаралардың басқа да түрлері ұйымдастырылып, соңы концертке ұласты. Онда елімізге белгілі әнші Индира РАСЫЛХАН мен «Қоңыр» тобы ән шырқады.
***
Балаларының арқасында жазасы кейінге қалды
Жылыой аудандық соты алаяқтықпен айналысып келген Құлсары қаласының тұрғыны Г.Т.-ға қатысты 27 эпизодтық қылмыстық істі қарады.
Бұл әйел ақшалай сыйақыға жоғары оқу орнына оңай түсуге, жұмысқа тұрғызуға, қарызға көп ақша тауып беруге уәде беріп, адамдардың сеніміне кіріп, ақшаларын жымқырып отырған.
Жылыой аудандық прокурорының көмекшісі Алтынгүл ИСМАГУЛОВАНЫҢ айтуынша, әйелдің кінәсі дәлелденіп, оған ҚР ҚК 177-бабының «б» тармағымен тағылған айып бойынша («Бірнеше рет алаяқтық жасау») үш жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Судья әйелдің қарамағында кәмелеттік жасқа толмаған үш баласы барын ескеріп, жазалау мерзімі олардың жастары 14-ке толғанға дейін кейінге қалдырылды.
***
Жүзбелі көпір жүздестіреді
Құрманғазы ауданына қарасты Көптоғай ауылы мен Шортанбай ауылының арасына Қиғаш өзенінің үстінен жүзбелі өткел салынып жатыр. Оның құрылысына жергілікті бюджеттен 38 млн теңге бөлінген.
Мердігер - «Гидроприбор» ЖШС. Жүзбелі өткел осы жылдың қазанында пайдалануға берілуге тиіс.
Бұрын бір ауылдан екінші ауылға жету қиын болатын, себебі, ескі көпір ауылдан үш шақырым қашықта жатыр.
***
Тазалық керек қашан да
Ганюшкино селосына қоқыс жәшіктері мен қоқыс тазалау техникаларын сатып алу үшін жергілікті бюджеттен 125 млн теңге бөлінді.
***
Диқандарға көмек
Индер ауданының ауылшаруашылық техникасының паркі жер жыртуға арналған тракторлармен толықты.
Жергілікті шаруалар бұл техникаларға зәру болатын. Аудан үшін 25 млн теңгеге «Т-150», «Т-82» екі тракторы, топырақ қопсытып, жүйек салатын арнайы агрегаттар сатып алынды.
***
Жаңа балабақша, жайлы баспана
Махамбет ауданының орталығында 280 орындық жаңа балабақшаның ашылу салтанаты өтті. Сонымен бірге, дәрігерлер мен мұғалімдерге бірпәтерлік он үйдің кілттері табыс етілді.
Балабақшаның құрылысына бюджеттен404 млн 554 мың теңге бөлінген. Мердігер «ЭксонАтырау» ЖШС (директоры Айнагүл ЗҰЛҚАШЕВА).
Ал, баспаналар құрылысына 136 млн теңге жұмсалды. Мердігері - «Атырау ЖБИ 2005» ЖШС (директоры Ұлан СҰЛТАНБЕКОВ).
***
Дәрумендер қыста да табылады
Былтыр Қызылқоға ауданында Миялы селосының тұрғыны, жеке кәсіпкер Тұрлан БЕКЕШОВ жылыжай салса, биыл тағы үш кәсіпкер жылыжайлар тұрғызды.
Көздіғара округіне қарасты Қоныстану ауылының тұрғыны Марат ТӨЛЕУОВ «Ауыл шаруашылығы қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның Атырау филиалынан 3 млн теңге несие алып, Махамбет ауданынан алаңы 100 шаршы метрді құрайтын дайын жылыжайды сатып алған. Қазір егу жұмыстары жүруде.
Ал, мұқырлық Марат БАХИТОВ жылыжайды4 млн теңгеге салып, голландиялық қияр тұқымының көшеттерін отырғызуда. Нұржан ІЛИЯСОВ та 4 млн теңге несие қаржы алып, жақында 300 шаршы метрлік жылыжай құрылысын салып бітірді.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА