Жуырда Астана қаласындағы Сарыарқа аудандық соты«Арқан-Керген» бекетінде қайтыс болған шекарашылардың отбасына моральдық шығын төлеуді қолдаудан бас тартты.
Сот шешімімен келіспеген «Астана сарбаз аналары комитеті» қоғамдық бірлестігі енді Жоғарғы сотқа апелляциялық шағым түсірмекші. Еске сала кетейік, әр отбасы ҚР ҰҚК Шекара қызметі мен №2484 әскери бөлімінің және Қаржы министрлігі мен Шекара қызметінің үстінен 20 млн теңге моральдық зиян өндіру жөнінде талап-арыз берген болатын. Олардың ішінде атыраулық жауынгерлердің де ата-аналары бар.
Миялы ауылының тұрғыны Абат ӘМІРҒАЛИЕВ:
- Біздің қазір жоғымызды жоқтаушы «Астана сарбаз аналары комитеті» қоғамдық бірлестігі. Балам Бекзаттың (шекарашы Бекзат ӘМІРҒАЛИЕВ) орнын ақша толтыра алмайды, дегенмен бұл адамдар заңмен жауап беруі тиіс. Бірнеше ата-ана моральдық шығынды Владислав ЧЕЛАХТАН да (Қазақстанның Қытаймен шекаралас таулы ауданында орналасқан Арқанкерген шекаралық бекетінің жеке құрамының қатардағы жауынгері. - Ред.) талап етті. Оларға шекара басшылығы солай деп кеңес берген. Бірақ түрмеде отырған Челахта қайдан ақша болсын?! Бұған дейін біз 800 мың және 3,5 млн теңге өтемақы алған болатынбыз.
Доссор поселкесінің тұрғыны Ғарифолла ҚАПАНОВ:
- Біздің отбасы үлкен күйзелісте жүр. Балам Даниярдың (шекарашы Данияр БАЛҒАБАЕВ) өлімінен кейін отбасымыздан береке кетті. Қан қысымым жиі көтерілетін болды. Өткен жылы үйімізді тонап, артынан өртеп кетті. Бар жиған-тергеніміз, оның ішінде алған өтемақымыз да қолды болды. Баспанасыз қалған соң әкімдік 3,5 млн теңгеге шағын үй сатып алып берді. Бірақ ол үйімізді әлі күнге жекешелендіре алмаудамыз. Отбасында мен ғана жұмыс істеймін. Менің 30 мың жалақым ештеңеге де жетпейді. Қаза тапқан сарбаздардың ата-аналары бірікпей тұр, биліктегілер өтемақыны Челахтан өндіріп алыңдар деп үгіттеуде. Ол не өндіреді бізге?! Әрине, біз Жоғарғы сотқа арызданамыз.
Индербор поселкесінің тұрғыны Сағындық ИМЕНОВ:
- Біздің ұлымыз Мейірханды (шекарашы Мейірхан ИМЕНОВ) ешкім іздеп жатқан жоқ.Олар бізді бұл туралы ұмыттыруға тырысып бағуда, ал мен күдер үзбеймін. Ол өлілердің арасында жоқ қой, онда тірі. Екінші ұлым Нұрсұлтанды әскерге жібергенім жоқ. Мен қазір сарайда тұрып жатсам да, ешкімнен ақша талап етпеймін. Мен ұлымды іздеп тапқым келеді.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА