9 қазанда облыстық әкімдікте 28 қыркүйекте кәсіби мерекелері атап өтілген машина жасау саласының озаттарына құрмет көрсетілді.
2010-14 жылдары мемлекеттік бағдарлама бойынша алты жоба жүзеге асырылды: газ-турбина қондырғыларын жөндеу және сервистік қызмет көрсету зауыты («КазТурбоРемонт» ЖШС), сорғыларды жөндеу мен жаңарту зауыты («Flowserve» ЖШС), мұнай кәсіпшілігі жабдықтарына арналған тығыздауыш және дәнекерлеуші аралықтар өндіретін зауыт («Novus Sealing» ЖШС), құбыр арматурасын өндіретін зауыт («ШевронМұнайГазИнк» ЖШС), бұрғылау колонналарына арналған қашау детальдары мен қосалқы бөлшектер өндіретін зауыт («Жігермұнайсервис» ЖШС), мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылау үшін ірі габаритті бұрғылау кешені зауыты («Жігермұнайсервис» ЖШС).
«Ескене» ЖШС-нің вагон сервисі орталығының құрылысы салынуда. Орталық жылына 9 мың вагонды ағымдағы жөндеуді, 7 мың резерв вагонына жөндеу жүргізуді, 14 мың вагонға күрделі жөндеу жүргізуді жүзеге асырады.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар ДҮЙСЕМБАЕВ инвестиция және даму вице-министрі Альберт РАУДЫҢ алғыс хатын «Атыраунефтемаш» ЖШС бас директоры Александр ДОНСКОВҚА, «Жігермұнайсервис» ЖШС слесарі Мақсот ДОСҚАЛИЕВҚА, «Атыраунефтемаш» ЖШС токарі Асқар ЖАЛИЕВҚА; облыс әкімі Б.ІЗМҰХАМБЕТОВТІҢ алғыс хатын «Доссормұнаймаш» ЖШС жөндеушісі Садиман ЕРМҰХАНОВҚА, «Жігермұнайсервис» ЖШС жөндеу цехының шебері Валерий РАННЕВКЕ, «Novus Sealing» ЖШС операторы Дмитрий РОМАНОВҚА, «Flowserve» ЖШС құрастырушысы Асылбек ОРАШЕВҚА және т.б. табыс етті.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ