«Ислам мемлекеті» ұйымының бір қолбасшысы шешен-Омар есімімен танымал Тархан Батирашвили Ресейдің оңтүстік өлкелеріне шабуыл жасайтынын ескертті, деп хабарлайды РБК.
Bloomberg агенттігінің деректеріне сүйенсек, Грузия мен Шешенстан шекарасындағы шатқалда жасырынып жүрген Тархан Батирашвили өз әкесімен сөйлескен уақытта: «Әке, уайымдамаңыз, мен елге оралған соң әлі-ақ бұл орыстардың көкесін көздеріне көрсетемін. Қазір мыңдаған шәкіртім бар, олардың саны күн санап артып жатыр. Жақын арада Ресейге кеткен есемізді қайтарамыз» - деген көрінеді.
Батирашвилидің артынан ергендерге Ресейдің Кавказ елдеріне тізесін батырып отырғаны ұнамайды. Ресейдің бар назарын Украинаға аударып отырғанын пайдаланып, грузиндер тұтқиылдан шабуыл жасамақ ниетте. Сөйтіп, 2008 жылы Абхазия мен Оңтүстік Осетия өңірлерінде сепаратистерге әскери қолдау көрсеткені үшін есе қайтаруды көздеп отыр.
Қыркүйекте лаңкестік ұйымның содырлары YouTube сайтында Путинге қарата айтылған бейнеролик жариялапты. Онда: «Сенің тағың шатқаяқтап тұр» - деген сарындағы жазба жолдаған. Сонымен қатар, олар Путинді Сирия президенті Башар Асадқа қолдау көрсетіп отыр деп айыптайды.
Мұның алдында Al Arabiya телеарнасы бір хабарында лаңкестер жағында Шешенстан мен Грузия азаматтары соғысып жатқанын айтқан еді.
Лаңкестердің бұл үндеуіне бірінші болып Рамзан Қадыров жауап қатты: «Ессіздер! Айналдырған екі ұшақпен Шешенстан мен бүкіл Ресейді қорқытқысы келеді. Олар неге 2 емес 2 мың ұшаққа мінбейді, Ресейге бәрібір жете алмайды. Осындай ойды айтқан адамда ес жоқ екен, Владимир Путиннің есімін қалай ғана атады екен. «Ислам мемлекеті» ұйымының мүшелері исламға түк қатысы жоқ жай ғана лаңкестер. Олар керісінше, бүкіл ислам әлемінің жауы».Дереккөз:bnews.kz