Беларусь парламентінің төменгі палатасы Еуразия экономикалық одағы келісімін бірауыздан ратификациялады.
Азаттықтың Беларусь қызметі ратификация жөніндегі құжатқа Беларусь тарапының мәлімдемесі қосылғанын айтады.
Ол мәлімдеме туралы Беларусь парламентінің төменгі палатасының депутаты Николай Самосейко хабарлаған. Оның сөзіне қарағанда, Беларусь ЕАЭО келісімін ратификациялайды және бұл келісімді "белгілі бір тауарлар және қызмет түрлері бойынша сауда-саттықта кездесетін кедергілер мен шектеулерге қатысты екі немесе үшжақты нақты келісімдер жасалған жағдайда орындайды".
Журналистің "Беларусь ЕАЭО келісімін ратификациялау үшін шарт қойып отыр ма?" деген сұрағына Николай Самосейко "Беларусьтің ЕАЭО келісімін мына жағдайда ғана мақұлдаймыз деп шарт қойып отырмағанын, бірақ келісімге мәлімдеме қосып отырғанын" айтқан.
Бүгін ЕАЭО келісімін Қазақстан парламентінің жоғарғы палатасы мақұлдады. Құжат президентке қол қоюға жіберілді.
Ресейде ЕАЭО келісімін парламенттің екі палатасы да мақұлдап үлгерді. Өткен аптада құжатқа Ресей президенті Владимир Путин қол қойды.
2014 жылы 29 мамыр күні Астанада Еуразия экономикалық одағын құру туралы келісімге Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Беларусь президенті Александр Лукашенко және Ресей президенті Владимир Путин қол қойған еді. Келісім үш елдің парламенттері мақұлдаған соң, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.
Дереккөз: Азаттық радиосы