Қыркүйекте «Атырау. Маленькая страна» кинологтарклубының «жасөспірім» иттері Орал мен Ақтау қалаларында өткен екі көрмеге қатысып, чемпиондар атағын жеңіп алды.
«А.МС» асыл тұқымды ит өсіру маманы, ірі тұқымдар секциясының басшысы Закир ДҮЙСЕНОВТЫҢ айтуынша, Оралда өткен «Ақжайық – седой Урал» көрмесінде Қазақстан мен Ресейдің көптеген қалаларынан келген 56 тұқымды 163 ит көрсетілді.
- Сараптаманы Қазан қаласынан келген халықаралық дәрежедегі бас сарапшы Мстислав ПОЛИВАНОВ өткізді, - дейді Дүйсенов. – Ол - әлемдегі ең беделді де белгілі сарапшылардың бірі. Іріктеу өте қатал өтті: тек сыртқы түріне ғана емес, мінезіне, пәрмендерді тыңдауына, сондай-ақ, иесі мен ит арасындағы қарым-қатынасқа баса назар аударылды. Атырау бұл салада жаңа ғана қадам жасап жатса да, біз өте жақсы ықыласқа ие болдық.
Атыраудан 18 ит әкелінді, олардың ішінде 11-і өз жас ерекшеліктері бойынша үздік атанды. Бес итке «жас чемпиондыққа үміткер» атағы берілді. Ал, 21 қыркүйекте Ақтауда өткен «Күзгі жапырақ - 2014» барлық тұқымдағы иттердің ұлттық көрмесінде үшеуі чемпион атанды: жақын әзірде канистерапевт болатын Дуся, ақ швейцар овчаркасы Фрея және сенбернар Ванилька жеңіспен оралды.
Анастасия ПАСТУХОВА