Асылбектің жетістігі
«Атырау облысы мүгедектерінің спорт клубы» КМК спортзалында Қазақ саңыраулар қоғамы қызметкерлері арасында шахматтан Батыс өңірінің біріншілігі өтті.
Ерлер арасында 12 ойыншы қатысты. Олар үш топқа бөлініп, жеңімпаздары финалға шықты. Ақтық сынға қатысушылар жүлделерді өзара бөлісті. Исатай ауданынан келген Асылбек Сағынғалиев 1-орын алды. Ол барлық партияда жеңіске жетті. Екінші орынды тағы бір атыраулық Тілеужан Бахтияров иеленді. Ол шахматты өз бетінше интернеттен үйренген. Бұл - оның ресми жарыстарға бірінші қатысуы. 3-орынды ақтөбелік Таймас Төлеуішов алды. Әйелдер арасында жүлделі орындар: 1-орын – ақтөбелік Ғайнигүл Қабылова, 2-орын – Жанар Құрғанбаева және 3-орын – Зульфия Мұханбетова (екеуі де Атыраудан).
***
«Ертіс» басым түсті
4 қазанда футболдан ел чемпионатының 28-туры аясында «Атырау» сырт алаңда «Ертістен» 0:2 есебімен ұтылып қалды.
Бірінші таймда ойын тең дәрежеде өтті. Ал, екінші кезеңде алаң иелерінің жолы болды. 48-минутта «Ертіс» шабуылшысы Владислав ЧЕРНЫШОВ есеп ашса, 80-минутта Игорь ЮРИН есепті еселеді.
***
Қоржында екі алтын
Рязаньда КСРО спорт шебері Юрий Васинді еске алуға арналған бокстан бүкілресейлік ашық турнир өтті.
Жарысқа аға жаттықтырушы Қанат Орақбаев жетекшілік ететін Атырау облысы құрамасы да қатысты. Қоржынымызда екі «алтын» жүлде бар. Жеңімпаздар: 60 келіге дейін – Ержан Ордабаев (суретте) және 91 келіге дейін – Рахман Әлжанов.
Сурет «ЖС» мұрағатынан алынды
Жүлделі жігіттер
Алматыда өткен панкратионнан Қазақстан кубогында облыстық «Намыс» кекушинкай карате-до федерациясының шәкірттері сәтті өнер көрсетті.
«Традишн» бөлімінде Әділбек Ерғабылов (16-17 жас аралығы, 54 келіге дейін) пен Елнар Сайлау (10-11 жас, 42 келіден жоғары) алтыннан алқа тақты. Ересектер арасында Асыланбек Ибрагимов (57 келіге дейін) «күміс» медаль алды. «Субмишн-гремплинг» бөлімінде Е.Сайлау күміс жүлдегер атанса, Фархад Ниетов қолаға қол жеткізді. Спортшыларды Таңат Нұрымов жаттықтырады.
***
Анападағы жеңіс
Анапада кикбоксингтен дәстүрлі Әлем кубогы өтті. Барлық атыраулық файтерлер «фулл-контакт» санатында өнер көрсетті. Жарыс қорытындысында олар екі алтын, бір күміс және бір қола медальға ие болды.
Жеңімпаздар: 75 келіге дейінгі салмақта – Мейірлан Әсет, 81 келіге дейін – Дәурен Керимов. «Күміс» –86 келіге дейінгі салмақта Мереке Рыспаев, «қола» –57 келіге дейін Георгий Волынский.
Әлем кубогында Батыс Қазақстан атынан шыққан Андрей Смирновтың күрделі «лоу-кик» (аяқпен тебуге рұқсат етілген) санатында алған «алтын» жүлдесін де атап өткен жөн. 36 жастағы Андрей бұрын Атырауда тұрып, Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы Сүндеткерей Қасанғалиевтан тәлім алған. Қазақстан чемпионы және Азия чемпионатының күміс жүлдегері.
***
Күзгі «марафон»
4 қарашада Дене тәрбиесін дамыту орталығының бастамасымен Жайық өзенінің жағасында мектеп және колледж оқушыларының «Күзгі марафоны» өтті.
«Ақпарат» ғимаратынан «Атырау» ДСК-не дейін үш шақырымдық жүгіріске 1999-2002 ж.т. 153 оқушы қатысты. Барлық бірінші орын Қызылқоға ауданының оқушыларына бұйырды – таза ауаның әсері көрініп тұр...
Үздік нәтиже көрсеткен оқушылар:2001-2002 ж.т. ұлдар – Жеңісбек Шәріп (Қызылқоға), Жалғас Қиратов (Индер), Асан Әмірхан (Қызылқоға); 2001-2002 ж.т. қыздар – Әдемі Шамилдолла (Қызылқоға), Екатерина Ларионова (Индер), Айдана Сәпидола (Дамбы); 1999-2000 ж.т. ер балалар – Айдос Есбергенов (Қызылқоға), Мұратбек Жанғазиев (Индер), Ернұр Шәріп (Қызылқоға); 1999-2000 ж.т. қыздар – Әсемгүл Сабыр (Қызылқоға), Әйгерим Хамитова және Жансая Қабақ (екеуі де Дамбыдан).
***
Алыптың күші
Мақат ауданының 90 жылдығын тойлау аясында қазақ күресінен «түйе палуан» абсолюттік салмақ дәрежесінде жарыстар өтті. Бас жүлдеге тігілген жылқыны аса ауыр салмақты Қайрат Өтеген (суретте) (жаттықтырушылары Ж. Қиянов, Т. Мұқанов) иеленді.
Бірінші айналымда Қайрат Наурызбек Өтеуовты жеңсе, екіншіде баяғы қарсыласы, дзюдодан спорт шебері Кенжебек Күзембаевты тізе бүктірді. Әрі қарай үшінші орын үшін белдесуде Кенжебек Амандық Рысқалиевтан ұтылып қалып, сыйлыққа фотоаппарат алды. Ал, жеңіске жеткен А. Рысқалиевқа ұйымдастырушылар ноутбук табыс етті.
Қ. Өтеген мен «Атырау барысы» қазақ күресінен облыстық іріктеу турнирінің финалшысы Бекболат Салықов арасында өткен ақтық айқас өте тартысты өтті. Күрестің бес минут негізгі уақытында жеңімпаз анықталмады. Қосымша «белдесу» кезеңінде Қайрат ебін тауып, Бекболатты алып ұрды. Екінші орын алған Бекболатқа теледидар бұйырды.
Суретті түсірген Ж. Қиянов
***
Сенімді жеңіс
Таразда спорт қайраткері Бақыт Ташметовты еске алуға арналған 1998-2000 ж.т. жасөспірімдер арасында дзюдодан ХІ халықаралық турнир өтті.
Жарысқа Өзбекстаннан, Тәжікстаннан және Қазақстанның барлық облыстарынан 300-ден аса спортшы қатысты. Бұл турнирде 1-ОРМБЖСМ (Авангард) шәкірті Армат Есқазиев шеберлігімен көзге түсті. Ол алты белдесу өткізіп, бәрінде «иппон» тәсілімен жеңіске жетті. Нәтижесінде – алтын медаль.
***
Үздік туристер Сәтпаев мектебінде
Талғайранның орман алқабында туризм мен спорттық бағдарлаудан қала біріншілігі өтті.
Жарысқа Атырау қаласы білім беру мекемелері мен Құрманғазы ауданынан 9 команда қатысты. Сайыс бағдарламасы қызықты болды: спорттық бағдарлау, туристік техникалар, ботқа пісіру байқаулары, бард әндерін айту, командалық газет шығару. Жарыс қорытындысында Сәтпаев атындағы мектептің (Геолог ауылы) командасы 1-орын, облыстық білім беру басқармасының әдістемелік кабинетінің командасы 2-орын, 3-орынды педагогикалық колледж жеңіп алды. Азамат Төлепбергенов (Сәтпаев атындағы орта мектеп.), Зухра Кереева (білім басқармасы), Нұрлан Шайхиев (педагогикалық колледж) біріншіліктің үздік қатысушылары атанды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
***
Атыраудың үлесі
Польшаның Краков қаласында муай-тайдан Еуропа чемпионаты өтті.
Қазақстан намысын 15 адам қорғады, олардың төртеуі – атыраулық. Қаламыздың спортшылары Әлішер Мұхтаров пен Еламан Саясатов алтын медаль ұтса, Ишан Ғалиев пен Абылай Қаралбаев күміс жүлдеге ие болды. Құрама қоржынында барлығы үш алтын, үш күміс және төрт қола бар.
Атыраулық спортшыларды Мейрам Ғалиев, Бағытжан Мұхамбеталиев, Нұрберен Әміржанов және Айбат Рахман сынды жаттықтырушылар дайындады.
Анастасия ПАСТУХОВА