Қыркүйек айында Баянауылда өткен кәсіпқойлар арасында «тор ішінде» жекпе-жек халықаралық турнирінде атыраулық спортшы Нұрберген ШАРИПОВ (суретте сол жақта) жеңімпаз атанды. Ұлттық «ережесіз айқастың» дамуы жөнінде облыстық жекпе-жек федерациясының президенті Асқар ҮМБЕТОВПЕН әңгімелестік.
- Жекпе-жек – сонау көне заманда қазақ батырларының ойлап тапқан күрес түрі. Қазіргі кезде бұл спорттың басқа түрлерінен сәтті жасалған тәсілге немесе дөп тигізген соққыға ұпай берілмейтіндігімен ерекшеленетін айқас түрі. Жеңіс үшін соңғы нәтиже болып нокаут немесе ауыртатын не тұншықтыратын тәсіл жасау есептеледі. Айқастар сегіз бұрыштық рингте өткізіледі.
-Жекпе-жек федерациясы қашан құрылды?
-Облыстық жекпе-жек федерациясы өткен жылы республикалық федерация ашылғаннан бір жылдан кейін құрылды. Федерация құруда джиу-джитсу мен әскери самбо жаттықтырушы Руслан Айдаралиевпен бірге жүрдік. Ол талантты ұстаз, мықты спортшы еді. Өкінішке орай, 2012 жылы жол-көлік оқиғасынан қаза болды.
2013 жылы мен Алматыға аралас айқас (ММА) бойынша оқу-жаттығу жиынына бардым. Өзіммен бірге ММА, ушу-саньда, панкратион, джиу-джитсу, әскери самбо жарыстарына қатысып жүрген бесаспап шәкірттерімді алып бардым. Менің алғашқы жаттықтырушым, облыстық шотокан карате федерациясының президенті Ерікқали Қойшекенов маған сол жақта республикалық жекпе-жек федерациясының президенті, КСРО-да кикбоксингтің негізін қалағанСабыржан Махметовпен кездесуге кеңес берді.
Алматыда мен «Алаш Прайд» кәсіби спорт клубының бапкерлерімен кездестім, олар маған «көріністік» бір айқасқа қатыс деді. Мен үш жылдан бері төбелеспегенімді, қазір балаларды жаттықтырып жүргенімді айттым. Кейін тәуекелге бел будым. Сол кеште бір күрдпен жұдырықтасып, жан беріп, жан алысқан айқаста ұтылып қалдым.
«ЖС» дереккөзі:
Асқар Бейбітұлы Үмбетов, 27 жаста, шотакан каратеден бірнеше дүркін ҚР чемпионы, әскери самбодан, джиу-джитсу және панкратионнан ҚР чемпионы.
«Алаш Прайд» жаттықтырушылары арқамнан қағып, жекпе-жектің қандай федерациясына қатысып жүрсің деп сұрады. Мен ешқандай федерациям жоқ екенін айттым. Сонда маған тағы да Сабыржан Махметовке шығуыма кеңес берді, оған сендей жігіттер керек деген ұсыныс берді. Менің де іздегенім сол кісі еді. Бірнеше минуттан кейін мені Сәкеңмен таныстырды. Ол облыстық жекпе-жек федерациясын тіркеуге көмектесті. Ал бір айдан кейін шәкірттерім – Ермек Есекенов, Н. Шарипов және А. Адиятов жекпе-жектен халықаралық турнирде бір алтын және екі күміс медаль алды.
-Жекпе-жектен облыс құрамасында кімдер бар?
- А. Адиятов, Н. Шарипов, Архат Мыңбаев, Амангелді Бекқалиев, Е. Есекенов, Есен Құрақбаев және басқалар. Мен оларды бес жылдан бері жаттықтырамын. Жүлдесіз жарыстардан оралып көргеніміз жоқ.
Өткен жылы Шымкентте болған жекпе-жектен Қазақстан кубогынде А. Адиятов «алтын», Н. Шарипов «күміс» алды.
Үстіміздегі жылдың наурыз айында панкратион, гремплинг және ММА бойынша Қазақстан чемпионатында мен, Жасұлан Хасимов, А. Бекқалиев күміс медаль алдық, ал, А. Мыңбаев пен Н. Шарипов қола жүлдегер атанды.
Жазда «Атырау» ДСК-нде Азия чемпионаты өтті. Бұл жарысқа жекпе-жек федерациясынан тек Ж. Хасимов қана қатысып, чемпион атанды. Жоғарыда аталған жігіттерден құрылған команда осы уақытта Тайландта оқу-жаттығу жиынында еді.
Осы мүмкіндікті пайдаланып, бізге үнемі қолдау көрсетіп отыратын «Каспийнефть» АҚ бас директоры Бекзат Қылышбекұлы Абайылдановқа, өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Асылбек Мұхитұлы Жәкиевке және «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалы төрағасының орынбасары Қанат Қадыржанұлы Әзмұхановқа алғыс айтқым келеді.
- Алға қойған жоспарларыңыз қандай?
-15 қарашада Алматыда «Қазақстан құрамасы Еуропа құрамасына қарсы» матчтық кездесу өтеді. Айқастар 12 салмақ дәрежесі бойынша өтеді. 5 салмақта біздің спортшылар жұдырықтасады – мен, А. Адиятов, Н. Шарипов, А. Мыңбаев және А. Бекқалиев.
-Біздің құрама Қазақстандағы ең мықты ұжым ба?
-Біз - мықтылардың біріміз. Біз өз жеңістеріміздің арқасында 2015 жылы Атырауда жекпе-жектен Әлем кубогын өткізу құқығына ие болдық. Бізге сегіз бұрышты рингті «Каспийнефть» өз қаржысына алып берді. Ол дайын тұр және жолда келе жатыр.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Тамара СУХОМЛИНОВА