7 қазанда Атырау қаласындағы Мұз сарайының маңындағы учаскеге облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ пен «Шеврон» корпорациясының директорлар кеңесінің төрағасы Джон УОТСОН болашақ Жастар мен оқушылар сарайының іргетасына «алғашқы тасты» қалады.
«Қазақстанда 20 жылдан астам жұмыс жасаған уақыттан бері біз нағыз ынтымақтастық мұнай мен газды барлаумен және өндірумен шектелмейді деп есептейтінбіз, - дейді Д.Уотсон. – Атырау жастарына инвестиция салсақ, олардың қоғамға жақсы қызмет етулеріне көмегіміз тиеді деп санаймыз».
Облыс әкімі Уотсонды 6 қазанда оған президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ табыс еткен ҚР мемлекеттік марапаты – «Достық» орденімен құттықтады.
Рәсімнен кейін Б.Ізмұхамбетов журналистердің сұрақтарына жауап берді. Ол келер жылдың аяғында пайдалануға беру жоспарланып отырған Жастар мен оқушылар сарайында түрлі – кәсіби, білім беру, ойын-сауық, спорт және көптеген басқа да үйірмелер үшін орынжайлар бөлініп, қолайлы жағдайлар жасалатындығын айтты.
Таяу уақытта Нұрсая ықшамауданында тағы қандай нысандар салынады деген сұраққа ол биылғы жыл аяғына дейін үлкен және үстелүсті тенниске арналған жабық корт құрылысы басталатындығын айтты. Оны жобалау жұмыстары аяқталуда, содан соң құжаттар мемлекеттік сараптамаға жіберіледі. «Мен үздік ықшамауданның осы жерде болғанын қалаймын», - деп мәлімдеді әкім.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген автор