Баспасөз орталығының мәліметі бойынша, жарылыс полиция қызметкерлері Қала күніне орай болып жатқан концертке кіруге бара жатқан күдікті ер азаматты тексеру барысында болған. "Концерт залының алдына орнатылған металл тексергіштің алдында сол аймақта күзет жүргізіп жүрген полиция қызметкерлері күдікті адамды байқаған. Полиция қызметкерлері күдіктіні тексеріп, жеке басын анықтауға кіріскенде ер адам өз-өзін жарып жіберді", - дейді баспасөз орталығында.
Жарылыстың салдарынан төрт полиция қызметкері қаза болды, тағы төртеуі жарақат алған. Полиция қызметкерлері өз-өзін жарып жіберген азаматтың жеке басын анықтап қойды. "Бұл екі ай бұрын үйінен кетіп, бүгінге дейін хабарсыз жүрген Старопромысловск ауданының тұрғыны", - дейді ІІД өкілі. Қазір жарылыс болған жерде Федералды қауіпсіздік қызметі мен полиция жұмыс жасап жатыр.
Дереккөз: tengrinews.kz