АҚШ-тың бұрынғы президенті кіші Джордж Буш інісі Джебтың 2016 жылы өтетін президент сайлауына қатысып қалуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Fox News телеарнасы.
«Менің ойымша, ол президент болғысы келеді», - деп мәлімдеді кіші Буш телеарнаға берген сұхбатында. Сонымен бірге экс-президент Джеб Буштың бұл мәселе бойынша әзірге нақты шешім қабылдамағанын атап өтті.
«Ол үнемі алды-артын ойлап жүретін адам, өз мүмкіндіктерін таразылап отырады», - дейді кіші Буш інісі жайында.
Джеб Буш 1953 жылы Техаста дүниеге келген. Саяси мансабын 1980-1990 жылдары Флорида штатында бастаған ол 1999 жылы штат губернаторы болды. Сөйтіп 2007 жылға дейін Флориданың өркендеп, гүлденуіне үлес қосып келді.
Кіші Джордж Буш інісін 2016 жылғы президент сайлауына қатысуға көптен бері үгіттеп жүр.
Дереккөз: BNews.kz