Дағыстаннан келген қола
Атыраулық боксшы Дағыстанның Каспийск қаласында өткен Магомед-Салам Умахановты еске алу турнирінде «қола» жүлдеге қол жеткізді.
Жарысқа 13 елден 102 былғары қолғап шебері қатысты. Атыраулық бес боксшының арасынан тек жеңіл салмақты Рашид САЛАУАТОВ (суретте) қана жартылай финалға шығып, Өзбекстан құрамасының өкілінен ұтылып қалды. Нәтижесінде «қола» жүлдеге ие болды.
Сурет «ЖС» мұрағатынан алынды
***
Жеңіс жолында
Өскеменде дзюдодан КСРО спорт шебері Марат Чигеевті еске алуға арналған 13-ші халықаралық турнир өтті.
Жарысқа Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстанның барлық облысынан 200-ден аса спортшы қатысты. 60 келіге дейінгі салмақта 1-ОРМБЖСМ шәкірті (жаттықтырушылары Қ. Сүлейменов, С. Нұралин) Шынболат ХАСАНОВ (суретте) «алтыннан» алқа тақты. Ол 5 белдесу өткізіп, барлығында да мерзімінен бұрын – «иппонмен» ұтты. 81 келіге дейін салмақта тағы бір атыраулық дзюдошы Сұңғат ЗАКАРЬЯЕВ (4-БЖСМ, жаттықтырушысы А. Қыздарбаев) «қола» жүлде алды.
***
Тараздағы бастама
«Атырау» ФК-нің футбол орталығы Тараз қаласында өткен Н. Мұратовты еске алуға арналған 2004 ж.т. жасөспірімдер арасындағы респуб-ликалық турнирдің қола жүлдесін жеңіп алды.
- Бұл шәкірттерімнің ең алғашқы сындары болды,- дейді «Атырау» командасының жаттықтырушысы Александр ЛОБАШЕВ. – Турнирге Шымкент, Ақтөбе, Қарағанды, Шу, Қордай, Атырау және Тараз қалаларынан 10 балалар командасы қатысты. Командалар екі топқа бөлінді. Біз өз тобымызда екінші орын алып, «қола» үшін болған ойында Тараз қаласының №5 ОРБЖСМ командасын ұттық.
«Атырау» командасының жартылай қорғаушысы Альфарат БЫРШЫМБАЙ турнирдің үздік ойыншысы, А.А. Лобашев үздік жаттықтырушысы атанғанын айтып өткен жөн.
***
Мықтылар сайысы
Ақтауда күштік спорт түрлері – стронгмен, армрестлинг, жатып зілтемір көтеруден 3-ші халықаралық турнир өтті.
Жарысқа Тольятти, Астрахан, Астана, Алматы, Қарағанды, Жаңаөзен, Атырау және Ақтау қалаларының алыптары қатысты. Атлеттердің өнерін тамашалауға көрермендер көп келді, бұл қарауға тұрарлықтай да еді...
Алдымен 3 салмақ дәрежесінде армрестлинг сайыстары болды. 65 келіге дейінгі салмақта 11 спортшы қатысты. Араларында атыраулық «СК-Альянс» фирмасының қызметкері Константин ТАРАБРИН де бар. Ол барлығын еш қиындықсыз ұтып, диплом мен 40 мың теңгені қанжығасына салды.
80 келіге дейінгі салмақта атыраулық білек шеберлері жүлделі үш орынды да алды: 1-орын (40 мың теңге сыйақы) – Нұржан ҚАЗИХАНОВ, 2-орын (20 мың теңге) – Дмитрий АКУНИШНИКОВ, 3-орын (10 мың теңге) – Александр ПОПОВ.
80 келіден жоғары салмақта жеңіс Азия чемпионы, астаналық Роман КУШЬЯЛОВҚА бұйырды. Ол финалда атыраулық Азия чемпионы Александр МАКСИНДІ ұтты. Сашаның Романнан 40 келі жеңіл екенін айта кеткен жөн болар.
Абсолюттік салмақ дәрежесін-де жүлделі орындар келесідей бөлінді: 1-орын – Р.Кушьялов, 2-орын А.Максин, 3-орын – Д.Акунишников. Жатып зілтемір көтеруде салмағы центнерден асатын атлеттер өнер көрсетті. Бұл сайыста тольяттилік спортшы жеңіске жетті. Ол 128 келі салмағымен 232,2 келі көтерді.
Күштік экстрим сайысы қызыққа толы болды. Спортшылар аса ауыр темірлерді итерді, көтерді, әрлі-берлі тасыды. Қорытындысында бас жүлде тағы да Р. Кушьяловтың қанжығасында кетті.
Спортшылар мен олардың жаттықтырушысы С. Передистый сапарларын қаржыландырған демеушілері – «СК-Альянс» компаниясы мен облыстық туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасына алғыс айтады.
Сурет aktau-fitness.kz сайтынан алынды
***
Жерлестер жүлдесі
Өскемен қаласында өткен Н.Назарбаев жүлдесі үшін V Республикалық халық ойындарында атыраулық палуандар қазақ күресінен жүлделердің барлық түрін алды.
Облыс құрамасының қоржынына «алтынды» 80 келіге дейінгі салмақта Сұңғат ЗАКАРЬЯЕВ салса, 70 келіге дейінгі салмақта Наурызбек МАЙЛАШЕВ «күміс», 55 келіге дейінгі салмақта Мұрат ДОШАХАЕВ «қола» алды. Палуандарды А. Қыздарбаев пен А. Серғазиев жаттықтырады.
***
«Судоремонтниктегі» тең ойын
28 қыркүйекте «Судоремонтник» стадионында футболдан ел чемпионатының 27-туры аясында «Атырау» мен семейлік «Спартак» арасында матч өтті. Кездесу 1:1 есебімен тең аяқталды.
Қос команданың қақпашысы Андрей ШАБАНОВ пен Сергей БОЙЧЕНКО матчтың басты қаһармандары аталды, екеуі ойын барысында көптеген соққыларды қақпаларына дарытпады. Екі гол да бірінші таймда салынды. Алдымен жеке шеберлігі арқасында қорғаныс шебін бұзып өткен «Спартактың» шабуылшысы Неманья ЙОВАНОВИЧ есеп ашса, екі минуттан кейін «Атырау» шабуылшысы Милош ТРИФУНОВИЧ есепті теңестірді.
***
Ормандағы турнир
Талғайранның орман алқабында «Ақжайық» табиғи резерваты мен Дене тәрбиесін және спортты дамыту өңірлік орталығының қолдауымен Халықаралық туризм күніне арналған жарыстар өтті.
Жарыстарға облыстық білім беру басқармасының бөлімдері, мектеп, аудандық әкімдік және «Ақжайық» резерватының командалары қатысты. Велосипед спорты, арқан тартыс және басқа да туристік спорт түрлерінен сайысты. Қорытындысында Құрманғазы ауданының командасы, облыстық білім беру басқармасының әдістемелік кабинеті және «Ақжайық» резерваты командалары жүлдегерлер атанды. Сонымен қатар, мерекенің белсенді қатысушылары да сыйлықтармен марапатталды: Сәтпаев атындағы мектептің мұғалімі Азамат Төлепбергенов, №22 мектептің мұғалімі Меркәрім Мұханбетов және «Ақжайық» резерватының инспекторы Құттығұл Жұмаев ескерткіш сыйлықтарға ие болды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ