Қоқыстан келген қауіп
Махамбет ауданының орталығы – Махамбет ауылында бірнеше үйдің он шақты сиыры қоқыс жеп өлген. Редакциямызға шағымданған тұрғындар мұны қоқыс төгу алаңынан келген қатер деп есептейді.
Жасы тоқсанға таяған әжей Майда КЕНЖЕҒАЛИЕВАНЫҢ төрт сиыры бірдей өлген.
Қоқыс алаңы ауылдан 2 шақырым жерде орналасқан. Майда әжей ауылдастарымен бірге қоқыс төгу алаңын қоршау керектігін айтып, жергілікті әкімдікке біраз уақыт шағымданған. Ақыры осы жылдың көктемінде екі гектар аумақты алып жатқан қоқыс полигонын қоршауға 2 млн-ға жуық теңге бөлінген. Алайда, басталған жұмыс толық аяқталмаған. Қоқыстар желмен ұшып, айналаға шашылып жатыр. Биыл жайылым нашар болғандықтан, сиырлар осы қоқыс алаңына жайылатын болған.
- Өріске кеткен сиырларды үнемі бақылап отыру мүмкін емес. Олардың қоқыс төгу алаңына барып жайылатынын білген кезімізде біз тұрғындар болып жергілікті әкімдікке қоқыс төгу алаңының айналасын қоршау туралы бірнеше рет шағымдандық, - дейді Майда әжей.
- Өлген сиырлардың қарнынан целлофандар, шприцтер, басқа да қалдықтар шықты. Оны жеген мал өлмегенде қайтеді?
Махамбет селолық округінің әкімі Жақсылық МҮСЕПОВТІҢ айтуынша, қоқыс алаңын қоршау жұмысымен ЖК «Қуанышев» айналысуда екен.
- Адамдар малын өздері бағуы керек қой, - дейді Ж.Мүсепов. -Біз, тіпті, бақташы шығарамыз дедік, бірақ тұрғындар оған келіспеді.
Кейін әкім қайтадан хабарласып, алаңның қоршалғанын, ал, ашық қалған жерлер болса, ол малдың бұзып кіруінен болғандығын айтты.
***
Исатайлықтарға арналған баспана және балабақша
Исатай ауданында тұрғын үй мен әлеуметтік нысандар құрылысы қарқынды жүргізіліп келеді.
Исатай ауданы әкімінің орынбасары Артур ҚУАНЫШКЕРЕЕВТІҢ айтуынша, Х. Ерғалиев ауылында 100 орындық, ал, Аққыстауда 160 орындық балабақша салынып жатыр.
Оның айтуынша, бүгінде ауданда тұрғын үйлер мен балабақшалар, мәдениет үйлері және дәрігерлік амбулатория құрылысы қолға алынған.
- Зинеден ауылындағы 100 орындық балабақша құрылысының сметалық-жобалық құжаттары жасақталуда. Сондай-ақ, Тұщықұдық ауылын-дағы «Құлыншақ» балабақшасына жапсырма бөлмелер салуды жоспарлап отырмыз, тағы бір 60 пәтерлік бір үйдің, Жанбайдан 200 орындық мәдениет үйі мен дәрігерлік амбулаторияның сметалық-жобалық құжаттары жасақталуда.
Сонымен бірге, қазір Аққыс-тау поселкесінде ТШО-ның демеушілігімен 400 орындық мәдениет үйі салынуда. Мердігер - «АтырауРемСтройМонтаж» ЖШС. Сол поселкедегі «Өркен» мөлтек ауданында 60 пәтерлік үш қабатты бір тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Бұған бюджеттен 450 млн теңге бөлінген. Мердігер - «АзияТехСтрой» ЖШС. Құрылыс жұмыстары келесі жылы толық бітуі тиіс. Поселкеде тағы бір қабатты бір пәтерлік үш бөлмелі он тұрғын үйдің құрылысына бюджеттен 159 млн теңге бөлініпті. Олар жоспар бойынша осы жылдың желтоқсанында тапсырылуы тиіс. Мердігер - «Гил-Сер» ЖШС.
Өткен жылы тапсырылған Исатай ауылындағы жаңа емханаға жұмысқа орналасқан мамандар үшін салынып жатқан бір қабатты екі пәтерлік бір тұрғын үйдің құрылысын осы айдың аяғында аяқтау жоспарлануда. Оның құрылысына бюджеттен 32 млн теңге бөлінген. Мердігер - «ЭдемСтрой» ЖШС.
***
Бізге жол да маңызды
Доссор поселкесінің Жандауов, Тереков, Құдабаев, Бигелиев, Текеев көшелерінің бойында су құбырын тарту үшін 2009 жылы төселген жеті шақырымдық асфальт жолды қазу жұмыстары жүріп жатыр. Жергілікті тұрғындар мердігер бұзылған асфальт жолдарын қалпына келтірмей, оларды жолсыз қалдыра ма деп алаңдайды.
Поселкеде 103 шақырым су құбырын тарту жұмыстары өткен жылдан бері «Ақ бұлақ» сумен қамту бағдарламасы аясында жүргізіліп келеді. Жергілікті билік бұл жұмыстардың биыл толық бітетінін айтады. Мұнда су құбырын ауыстыру жұмыстары, шамамен, 70 жылдан соң қолға алынып отыр екен. Мердігер - «АқжайСервис» ЖШС.
- Ауыз су келеді деп қуанып жүргенде жап-жаңа асфальт жолдың тас-талқанын шығарып жатыр. Жолды бұзбай, құбырды жол астынан да жүргізуге болады емес пе? - дейді тұрғындардың бірі Сергей ФИЛИППОВ.
- Үйлер мен аулалар, басқа да нысандар жолға тақап салынғандықтан, көшелерге су құбыры желісін жолдың астынан өткізу үшін арнайы техникаларды кіргізе алмай отырмыз. Сондықтан мердігер осындай амалға көшті, - дейді Доссор поселкесінің әкімі Жарылқасын ИСМАГУЛОВ. - Бірақ мердігер қазылған жолдарды қайта төсеп, жамап жөндеуді өз мойнына алып отыр.
***
Қымбат, бірақ жайлы
Махамбет және Индер аудандарында дәрігерлер мен мұғалімдерге, сондай-ақ, басқа да бюджеттік қызметкерлерге арналған тұрғын үйлер салынып жатыр.
Махамбет ауылында бірқабат-ты, үш бөлмелі 10 үйдің құрылысы бітіп, қоныстануға дайын тұр. Ал, олар 136 млн 738 мың теңгеге салынған. Жаңаның аты жаңа, қаз-қатар тізілген үйлер сыртынан әдемі көрінеді. Қиыршық тастан тұрғызылған үйлер еурожөн-деуден өтіп, барлық жағдайы жасалған. Аулалары ағаш қадалармен қоршалған. Мердігер - «PEKIN COMPANI» ЖШС.
Бір үйдің жалпы аумағы 78 шаршы метрді құрайды, ал, жалпы құны 13 млн теңгеге, яғни, 85 мың доллар шамасына шығады.
- Баспаналар құрылысы толық бітті, жақын арада онда мамандар қоныстанатын болады, - дейді Махамбет ауданы сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімінің басшысы Наурызбай ИМАНҒАЛИЕВ.
Ал, Индер ауданында «Шығыс» мөлтек ауданындағы үйлер аустриялық стандарт бойынша 3D технологиялық панелімен тұрғызылуда. Биыл шілдеде іргетасы қаланған үйлердің құрылысы 2015 жылдың көктемінде бітуі тиіс. Әрқайсысы 105 шаршы метрлік бірқабатты үш бөлмелі 10 үйдің құрылысына бюджеттен 175 мың теңге жұмсалған. Индер аудандық сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімінің басшысы Бауыржан ИМАНҒАЗИЕВТІҢ айтуынша, үйлер бағасының шарықтауы құрылыс материалдарының бағасының қымбаттылығымен байланысты екен. Оның үстіне инженерлік құрылымдар жүргізуге едәуір қаржы жұмсалуда.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА