Атырау, 3 қазан 01:35
 ашықВ Атырау +17
$ 483.23
€ 534.74
₽ 5.12

Жағаға жету мұң болды

2 310 просмотра

Махамбет ауданының Бұқар бетіндегі қалың жұрт үшін Жайық өзенінен өту қиындық туғызып отыр.

Бұл қиындықты олардың сол тұста салынып жатқан көпір құрылысы бітпейінше көретін түрі бар. Ал, құрылысы 9 млрд теңгеге бағаланған көпір 2017 жылы пайдалануға берілмекші.

Бүгінгі таңда махамбеттіктер паромға ғана иек артып отыр. Оның өзінде де пароммен тасымалдауға рұқсат алынбаған, бірақ соған қарамастан адамдарды заңсыз тасымалдауда. Оның үстіне, катер әбден ескірген. Жүзбелі көпірді 1947 жылғы ескі катермен бірге Махамбет ауданы әкімдігіҚұрманғазы ауданынан 2007 жылы 49 млн теңгеге сатып алған болатын. Бүгінде жүзбелі көпір «Тұрмыстық қызмет» ЖШС-нің балансында.   

- Каютаның асты тесіліп, оны цемент құйып бітеген болдық. Жүзбелі құрал әбден ескірген, паром кез келген уақытта тоқтап қалуы мүмкін, әзірше жүріп тұр, - дейдікеме капитаны Дархан ҚАПИЗОВ.

Паром жөндеуге тұрған кезде тұрғындар қалтылдаған қайыққа мінуге мәжбүр. Желді және суық күндері бүрсеңдеген адамдар қайықтан қорықса да, басқа амалдары жоқ. Азықтарын да қайықпен тасып әуреге түседі. Ал, қыстың күндері мұз үстімен жаяу жүреді. Бұл, әсіресе, Жайықтың Бұқар бетіндегі «Өткел» ықшам ауданынан аудан орталығына өзен үстімен жаяу қатынап оқитын мектеп оқушылары үшін азап.

Биыл қыста жүзбелі көпірдің мәселесін шешуге уәде берген Махамбет ауылдық округінің әкімі Жақсылық МҮСЕПОВ өз сөзінде тұрмады. Ал, енді бұл катерді «Тұрмыстық қызмет» ЖШС-нің директоры Мұрат ЕРШИКОВ биыл мұз қатар алдында Атырауға апарып жөндететінін айтып отыр:

- Оған бюджеттен қаржы қаралады деп отырмыз. Жүзбелі көпірмен тасымалдауға рұқсатты да алуға  жұмыстанамыз.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

2 қазан 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.