Қайрат ИЩАНОВ1 қазанда Құрманғазы атындағы Мәдениет үйінде ҚР Парламенті Сенатына Атырау облысы атынан депутат сайлауы өтті.
Жерлесіміз Қайрат ИЩАНОВҚА елдің жоғары заң шығарушы органында әлі үш жыл жұмыс жасауға тура келеді (алты жылдық мерзімі аяқталған жоқ). Ол алғаш рет 2005 жылдың қарашасында сайланған, 2011 жылдың қарашасынан бері - Сенат төрағасының орынбасары. Ал 2008 жылдың қазан айында сайланған Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ мандатының мерзімі аяқталды. Айтпақшы, екеуі де кезінде облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған.
Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВОкругтік сайлау комиссиясының төрағасы Асау ИБРАШЕВТЫҢ айтуынша, сайлауға 4 адам түскен, барлығы да өздерін ұсынғандар: Еңсегенов, Жайық-Атырау бекіре өсіру зауытының директоры Ғилыман СӘРСЕМАЛИЕВ, «Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы» РМК облыстық филиалының директоры Қамбар ТЕМІРОВ және сот орындаушы Нұрлыбек ӨТЕСІНОВ (соңғысы сайлау алдында қатыспау жөнінде өтініш жазған).
Сайлауға Атырау қалалық, жеті аудандық және облыстық мәслихаттардың 132 депутаты қатысты. Еңсегеновке 114 дауыс, Сәрсемалиевке - 8, Теміровке 9 дауыс берілді. Бір бюллетень пайдаланылмаған болып танылып, жойылды. Осылайша, Еңсегенов сенатор креслосында тағы да 6 жыл отыратын болды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ