Атырау, 18 желтоқсан 21:14
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 524.66
€ 550.21
₽ 5.09

NCOC басқарушы директорының орынбасары Ж. Марабаев: «Құбырды кім дәнекерледі дейсіз бе? Оған жауап бермеймін»

2 739 просмотра

Атырауда мемлекетаралық Форум аясында өткен «Көмірсутегі саласындағы инновация» көрмесінде NCOC бұрышын таныстырған NCOC басқарушы директорының орынбасары Жақып МАРАБАЕВ (суретте) сенсациялық мәлімдеме жасады:

- Бүгінде Қашағанда коммерциялық өндірістің нақты басталу мерзімін бірде-бір адам айта алмайды. Біз, сондай-ақ, энергетика министрлігі де өндіріс 2016 жылдың аяғында қалпына келтіріледі деп болжам жасап отырмыз.

- Консорциум бүгін қандай мәселелер шешіп отыр?

- Бүгін біз құбырларды қалпына келтіру мәселелерін жоспарларға сай шешумен шұғылданып жатырмыз. Құбырлардың жарылу себебін анықтайтын талдау жұмыстары аяқталып жатыр, бұл бізге сәйкесінше қорытынды шығаруға мүмкіндік береді. Біз, сонымен қатар, жүргізілген құбырларды ауыстыратын жаңа құбырларды таңдап, тапсырыс беруді жоспарлап отырмыз. Осы құбырларды төсейтін болашақ мердігермен келіссөздер жасап жатырмыз. Мұның барлығы өкілетті органдармен тығыз байланыста жасалып жатыр, министрлікпен бірлескен жұмыстар жүргізілуде. Содай-ақ, агентіміз, «Аджип ҚКО» компаниясының бірінші фаза кезеңдерін аяқтау бойынша жұмыстары жүріп жатыр. Қайта ұйымдастыру басталды, яғни, біз басқару құрылымын оңтайландырамыз. Негізгі кеңсе Астанадан Атырауға көшеді деп болжануда. Бірнеше айдың ішінде көшіп келеміз және көпшілігіміз осында боламыз. Міне, консорциумның жақын айлардағы жоспарлары осы.

- Сіздер қазір жаңа құбырларды таңдап жатырсыздар. Олардың бұрынғылардан қандай айырмашылығы болады?

- Конфигурациясы мен өнімділігі бойынша құбырлар сол параметрде болады. Екі құбыр ауысады: мұнай және газ, яғни,біз технологияны ауыстырмаймыз. Ал қалай орындалатындығына келсек, бәрі тапсырыс беретін құбырдың өзіндік қасиеттеріне байланысты болмақ. Қашағанда, осы жердің мұнай-газ сұйықтығының физика-химиялық құрамында қолдануға мүмкіндік беретін құбырларды жеткізуге қабілетті кәсіпорындармен тиісінше жұмыс жүргізіп жатырмыз. Мықтылығын тексеретін сынақтар жүргізіледі.

- Бұрынғы құбырларда мұндай сынақтар өткізіліп пе еді?

- Иә, үнемі, мұндай сынақтар қазір де өткізіліп жатыр.

- Сонда, бұл сынақтар құбырлардың жарылуына кепілдік бола алмайды ма?

- Құбырлардың жарылу себептері қазір жүріп жатқан талдаулар толық аяқталғаннан кейін белгілі болады. Оған дейін ешкім нақты себебін айта алмайды.

- Дәнекерлеу жұмысын нақты қандай компания жүргізді?

- Бұл сұраққа жауап бере алмаймын.

- Неге?

- Әзірге айта алмаймын. Жауабым жоқ.

- Менің білуімше, өнім бөлінісі туралы келісімге сәйкес, оператор коммерциялық өндірісті өз уақытында бастамағаны үшін өтемақы төлеуі керек еді. Сіздер мемлекетке бірдеңе төлеп жатырсыздар ма, әлде енді төлейсіздер ме?

- Бұл арнайы талаптармен белгіленген және оны жеткізу үшін үлкен заңгерлік түсінік қажет, сондықтан да қазір дайын емес тыңдаушыға нақты түсіндіруім қиын болады деп ойлаймын……

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

1 қазан 2014, 15:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.