Нью-Джерси штатының Клифтон қаласында тұрататын бұрынғы суретші-дизайнер, қазіргі зейнеткер Сэм Капрал АҚШ Президенті Барак Обамаға елдің байрағын өзгертуге қатысты жобасын жөнелтті, деп хабарлайды 24.kz тілшісі.
89 жастағы зейнеткер бұл бастамасы жайында жергілікті Clifton Journal басылымына арнайы сұхбат беріпті. Оның айтуынша, ұлттық туды өзгертуге итермелеген негізгі жайт оның көркемдік келбетін жаңартып, байрақта бейнеленген символдық мәнге ие бастапқы штаттарды өзге штаттармен бірыңғай теңдестіру болып табылмақ. Тарихта АҚШ-тың алғашқы туы 1777 жылы Джордж Вашингтон салған сурет бойынша тігілген. Алайда кейбір деректер бойынша тудың авторы ретінде нью-джерсилік делегат, заңгер және әдебиетші Фрэнсис Хопкинсонның есімі аталады. Оның қолы тәуелсіздік декларациясында тұр. Ал жалпы АҚШ тарихында оның «жұлдыз жолақты» байрағы өзінің басты композициясы мен қағидаларын сақтай отырып, 26 рет өзгертіліпті. Соңғы рет 1959-1960 жылдары штаттар федерациясының құрамына Аляска мен Гавайи кірген кезде тудың жұлдызшалары екеуге артқан. АҚШ туының қазіргі нышаны онда бейнеленген 13 қызыл мен ақ жолақтар Ұлыбританиядан тәуелсіздік алған отардың реттік санын білдірсе, бұрыштағы көк тік төртбұрышта орналасқан 50 ақ жұлдызша елдегі штат санын айғақтайды. Дәл осы жобаны бір кездері Огайо шатының 17 жастағы оқушысы Роберт Хефтом ұсыныпты. Идея Ақ үй тарапынан қолдау тауып, президент Эйзенхауэр келісімін берген. Арада енді 54 жыл өткенде Нью-Джерси тұрғыны АҚШ-тың бас нышанын жаңарту қажет деп санайды. Сэм Капралдың жобасында 50 жұлдыз байрақ бұрышында қалып қоймай, оның жолақтарымен байланыса отырып, рәміздің бір жақ бөлігін тұтасымен қамтып жатыр. Туды өзгерту туралы ой зейнеткерге осыдан 5 жыл бұрын келіпті.
Дереккөз: BAQ.KZ