Бүгін, 30 қыркүйек – Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ХІ ынтымақтастық форумының екінші күні.
ҚР СІМ журналистерге өтетін шаралардың қысқаша бағдарламасын ұсынды. Сағат 12.00-де Атырауға форумға қатысатын ҚР және РФ делегациясының келуі белгіленген (осы уақытта қалалықтарға Сәтпаев даңғылы мен әуежай трассасымен жүрмегендері дұрыс болар).
Жастар форумы өз жұмысын АПЕК-те жалғастырады.
14.00-14.30 аралығында президенттер Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ пен Владимир ПУТИННІҢ кездесуі өтеді. Аталмыш шара әуежай трассасы бойына осы форум үшін арнайы салынған, форумнан кейін неке қию рәсімдері өтетін салтанат сарайында болады. Осы кездесуден кейін «Көмірсутегі саласындағы инновация» тақырыбында Форумның пленарлық отырысы басталады. Отырысты Н. Назарбаев ашып, В. Путин сөз сөйлейді. Пленарлық отырысты ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев жүргізеді.
Отырыс барысында Башқұртстан Республикасы президенті Рүстем ХАМИТОВ, ҚР энергетика министрі Владимир ШКОЛЬНИК, РФ энергетика министрі Александр НОВАК, Атырау облысы әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ, Орынбор облысы губернаторы Юрий БЕРГ, Ақтөбе облысы әкімі Архимед МҰХАМБЕТОВ қысқаша (5 минут) сөйлейді.
Содан кейін осы жерде екіжақты құжаттарға қол қою рәсімі өтеді.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА