Самат САҒИДАНОВ. Суретті түсірген Ж.КӨЖЕКОВ.Самат САҒИДАНОВ Қазақстан кәсіпкерлерін Ұлттық палатамен соттасуға шақырады.
Жеке кәсіпкер, астаналық Самат САҒИДАНОВ сотқа Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жыл сайын төлейтін жарнаны алып тастау жөнінде талап арыз жазды.
Талап арыз бойынша жауапкер – ҚР Үкіметі, ал үшінші тарап – ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы. Естеріңізге салсақ, мүшелік жарналар орта бизнес субъектілері үшін 160 АЕК (296 320 теңге), ірі бизнес субъектілері үшін 4 400 АЕК (8 148 800 теңге)болып бекітілген.
Астанадағы меншікті тілшіміз Жасұлан КӨЖЕКОВ Самат Сағидановпен кездесіп, сұрақтар қойды.
- Осындай ерекше әрекет жасауыңызға не итермеледі?
- Конституцияға сәйкес, азаматтар үшін тек салық төлемдері ғана міндетті болып табылады, ал қандай да болсын басқа төлемдер заңсыз және Қонституцияға қарсы.Талап арызымның заңнамалық негізі де осы болатын. Ұлттық палата біздің салығымызбен күнелтіп отырған дәстүрлі мемлекеттік органдардың қызметін қайталап отыр.
- Дегенмен де, Палата еліміздің орталық органдарында бизнестің мүддесін қорғау үшін құрылған ғой.
- Егер ол, мәселен, темекі немесе алкоголь компаниясының мүдделерін қорғағысы келсе, онда соларға барып, есіктерін қағып, «біз Мәжілісте ерікті түрде сіздердің мүдделеріңізді қорғайық, салықтарыңызды төмендетейік немесе сіздерді жаранамалайық» деп айтсын. Егер ол мұнай компанияларының мүдделерін қорғағысы келсе, барсын да, шарт жасасып, олардан ақша алсын. Мен не үшін төлеуім керек?
Ұлттық кәсіпкерлер палатасының тағы бір үлкен қателігі – мүшелік жарнаны кіріс есебінен емес, айналым есебінен төлеу туралы шешімі. Олар сенің іс жүзінде қанша ақша тапқаныңа қарамайды, олар тек өзіңіздің ЖШС немесе ЖК-іңізге салған ақшаңызға қарайды. Ең бастысы, палата ресми түрде бизнестің мүддесін қорғау үшін құрылды ғой, ешкім бізге бұл ұйым кәсіпкерлерден алым-салық жинайды деп айтқан жоқ.
- 15 қыркүйекте астаналық экономикалық соттың судьясы сіздің талап арызыңызды қанағаттандырудан бас тартып қана қоймай, мәселенің Конституциялық кеңесте қаралуы жөнінде берген өтінішіңізді де кері қайтарды. Үкімет өкілі сотта Конституцияда міндетті төлемдерді, соның ішінде, заңды тұлғаларға салынатын алымдарды белгілеуге тыйым салынбаған деп мәлімдеді.
- Бұл барып тұрған бассыздық. Менің өтінішімді қанағаттандырып, азаматтық іс материалдарын тоқтатып, оларды Конституциялық кеңеске жіберуі керек еді, өйткені сол жерде соңғы сөз айтылатын. Судьяның неге осындай шешім шығарғанына түсінбеймін. Сонымен қатар, мен прокуратураға осы істі бақылауға алып, менімен бірге талапкер болуды сұраған өтініш жаздым. Алайда талапкер болу үшін де, мүшелік жарналар есебінен түскен ақшаның жойылып кетпеуін қадағалау үшін де ештеңе жасамады.
- Палата мүлдем жұмыс жасамайды деп айтпас едім. Міне, бүгін Мәжілістің жер қазбаларын пайдалану туралы заң жобасы талқыланып жатқан жұмыс топтары отырыстарының бірінде Ұлттық палата осы заң жобасы бойынша бизнестің пікірін айтты. Мұны «классикалық лоббизм» деп те атауға болады. Палата, сондай-ақ, заңнамалардағы кәсіпкерлікке байланысты өзгерістер бойынша өз қорытындысын да ұсынады. Бұл пайдалы емес пе?
- Сіз осы қажеттіліктің жоқтығында қажеттілік бар деп айтып отырсыз. Біріншіден, заң шығару үшін бізде депуттар бар. Екіншіден, олар қорғағысы келсе, бізді міндеттемей, ерікті түрде әрекет етуі қажет.
Бұл жағдайдан тағы бір қорытынды шығаруға болады: егер сіз Қазақстанда жеке меншік бизнес дамысын десеңіз, араласпаңыз. Біз бизнесмендерге міндетті төлемдер сала бастағанда-ақ проблемалар басталады. Сонымен қатар, жарна сомасы ойдан шығарылған деп ойлаймын. Ол қайдан шықты? Түсініксіз.
Егер бизнесмендерге қауымдастық керек болса, олар оны өздері құрып алады, керек жерлерге өздері де шыға алады. Алайда олардан алым-салық салуға болмайды, бес жылдан кейін шағын бизнес те жарна төлейтінін ескеріп қойыңыздар.
- Бүгін сіздің аузыңыздан естіп отырған әңгімені басқа да көптеген кәсіпкерлерден естігенмін. Алайда талап арыз жазған жалғыз өзіңіз. Бизнесмендер Ұлттық Палата артынан құдіретті үлкен адамдардың көлеңкесін көріп отырғандықтан, бастарына пәле тілемес үшін сотқа арыз жазғылары келмейді деп топшылап көрейік.
- Жоқ, мен олай айтпас едім. Біз қашанда өзімізді ақтауға тырысамыз. Дегенмен, тығырыққа тірелгенше, әрекет етпейтін адамдар да бар. Бизнесі үшін қорқыныш, болашағы үшін қорқыныш – барлығы 90-шы жылдардан бері келе жатыр. Алайда міндетті мүшелік жарналарды алып тастау қажеттілігі бар және мұны қазір жасау керек.
- Алға қарай не істемек ойыңыз бар, өз пікірлестеріңізге қандай кеңес бересіз?
- Не істеу керек? Менің бастамамды жер-жерге жазып, жариялау керек. Екіншіден, бізде прецеденттік құқық болмағандықтан, кез келген ЖШС жарнаны қазір төлеп жатса да, болашақта төлейтін болса да, сотқа талап арыз жазу керек. Азаматтық кодексте егер құқығыңыз бұзылса, оған шағымдану құқығыңыз көрсетілген. Қандай болса да бір судья өзінен өжеттік тауып, өтінішті Конституциялық кеңеске жібереді деп ойлаймын. Мен бұған сенемін де. Ол үшін бір арыз емес, жүздеп жазу керек.
- Астана қаласының ауданаралық экономикалық сотының шешіміне жазған апелляциялық шағымыңыздан нәтиже шығады деп ойлайсыз ба?
- Әрине, үкіметпен соттасу оңай емес. Бұқаралық қолдау болмаса, мүмкіндік аз, сондықтан да мен бірінші инстанциядан ұтылдым. Алайда менің «Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» заңды мойындамау туралы талап арыз беру мүмкіндігім бар!
- Заңның заңсыздығы туралы арыз ба?
- Жоқ, тек міндетті төлемдерге қатысты бөлімінде. Мен тағы да қайталап айтайын:
Егер жиырма немесе елу талап арыз жазылса, күндердің күнінде судьялардың бірі өзіне жауапкершілік алып, біздің сауалымызды Конституциялық кеңестің қарауына жібереді.