Қала сыртындағы Томарлы ауылында Caspian Royal Fish бекіре өсіру фермасының салтанатты ашылу рәсімі болып өтті.
Рәсімдік лентаны облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ, «Атаба» компаниясының және осы ферманың құрылтайшысы Асқар ТАУБАЕВ және балық саласының ардагері Қайыржан ӘЛИЕВ қиды.
Жоба жеделдетілген индустриалдық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Ферманың өндірістік қуаты – жылына 100 мың бекіре тұқымдас шабақтары, 100 тонна тауарлық бекіре балықтары, бір тонна қара уылдырық. Балық өсірушілер осы жерден алғашқы тауарлық балықты бір жарым жылдан, уылдырықты 4-5 жылдан кейін алуды жоспарлап отыр.
Ферма Жайықтан су айдауды қажет етпейді, өйткені мұнда сүзгілері, компрессорлары мен арнайы жабдықтары бар тұйық сумен қамту жүйесі енгізілген. Салқындату жүйесі балықтарға қыс кезінің әсерін береді, бұл балықтың өсуі мен жыныстық дамуы үшін маңызды.
Қазіргі уақытта ферма бассейнінде 45 сүйрік балық пен 15 сібір бекіресі жүзіп жүр. Балықтың соңғы түрі тұщы суда өсіп-жетілуге бейімді болып келеді. Балықтардың барлық партиясы Башқұртстанның балық өсіру зауытынан сатып алынды.
7 қазанда әр қайсысының салмағы 100 грамм болатын бес мың сүйрік балық шабақтарын әкелу жоспарланып отыр. 17 қазанда тағы да әр қайсысы 10 грамм болатын 10 мың сүйрік шабақтары келеді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ