Өскеменнің «Торпедосымен» болатын алғашқы матчтың қарсаңында облыстық «Бейбарыс» хоккей командасының бас бапкері Александр ИСТОМИН жанкүйерлерге 2014-2015 жылдарда Қазақстан чемпионатына қатысатын өз ұжымымен таныстырды.
Сондай-ақ, «АЖ»-ның сұрақтарына жауап берді.
Сонымен, қақпашылар - Олжас Қожанбек, Марис Ючерс, Матия Пинтарич, қорғаушылар – Михаил Козлов, Александр Валентин, Данил Скрипец, Дмитрий Степанов, Николай Ладыгин, Георгий Победоносцев (команда капитаны), Илья Гуляков, шабуылшылар – Қайыржан Әлмұратов, Матис Краль, Эллиззер Щербатов, Ярослав Кмить, Михаил Качулин, Евгений Дерябин, Йесси Хаккинен, Руслан Ромашенко, Йюсси Натанен, Раймондс Вилкойтс, Кирилл Сидоренко, Виталий Николаев, Денис Козырев, Абзал Мамбеталиев, Юрий Могильников, Дмитрий Лоханин, Евгений Жданов, Роберт Крайчи және Виктор Захаров.
- Команданың өткен маусым-дағы ойынына қандай баға бересіз?
- Жақсы өнер көрсеттік. Маусым ауыр болды, бірақ жаман емес. Кей жерлерде жолымыз болмады… Хоккей маңындағы проблемалар көп болды. Менің айтып тұрғаным, Мұз сарайының шатырынан су кету және соның салдарынан өз алаңымызда ойнайтын матчтарды басқа қалаларда өткізуге тура келгені жөнінде. Біз барлық маңызды ойындарды сырт алаңда өткізуге мәжбүр болдық. Бұл ақырғы нәтижеге үлкен әсерін тигізді деп ойлаймын.
Александр ИСТОМИН - «Бейбарыс» құрамында болған мәселелер де үлкен рөл ойнаған шығар?
- Маусым аяғына таман команда құрамында да проблемалар болды. 8 адам жарақат алды. Маусымды екі жарым звеномен аяқтадық. Ақталып отырған жоқпын. Біз осы құраммен де сәтті өнер көрсете алар едік. Қайталап айтайын, жолымыз болмады және өкінішке орай, басты ойынды сырт алаңда ойнауға тура келді.
- Биылғы маусымда құрам 90 пайызға өзгерді ғой, солай ма?
- Иә.
- Бұл тағы да тұрақсыздыққа әкеліп соқтырмай ма?
- Иә, біз жаңа хоккейшілер алдық – селекция жұмыстарын жүргізіп, өзімізге лайықты емес ойыншыларды жібердік. Мен осы құраммен ең маңызды мақсаттарға қол жеткізуге болады деп ойлаймын.
- Өзіңіз арқа сүйейтін мықты ойыншыларды атаңызшы.
- Мен ешкімді бөліп-жармаймын. Матч тағдырын жекелеген ойыншылар емес, команда шешеді. Егер команда бір ұжым болып, бір жағадан бас шығарып ойнаса, жеңіске жетеді. Әрине, бір ойыншының арқасында бір-екі ойында жеңіске жетуге болады, алайда маусым бойына бұған сенуге болмайды.
Жеңістен жеңіске жетті
Облыстық «Бейбарыс» хоккей командасы өз алаңында Өскеменнің «Торпедосын» 6:0 және 3:0 есебімен екі рет тас-талқан етіп ұтты.
Бірінші ойында Александр Победоносцев, Денис Козырев (3), Йесси Хаккинен мен Кирилл Сидоренко гол соқса, екінші ойында Эллиззер Щербатов, Николай Ладыгин және Йюсси Няттинен көзге түсті.
- ҚР чемпионатының биылғы алғашқы екі турын команда қарсыластарымыздың мұз алаңдарында өткізді. «Бейбарыстың» өз мұз айдынында проблемалар бар ма?
- Мұз айдынында ешқандай проблема жоқ. Екі турды да сырт алаңда өткізіп, біз экономикалық мәселелерді шештік. Қарағандының «Бүркітімен» ойнайтын ойынымыз бар еді, оны өткізу үшін біз Алматыдан Атырауға келіп, содан кейін кері Қарағандыға ұшуымыз керек болды. Бұл жерде барлығы ақшаға келіп тіреледі. Біз кең байтақ елдің батысында тұрамыз, сондықтан да «көп ұшатын» команда болып табыламыз. Сол себептен ойынды сәл ертерек – Қазақстан Кубогінен кейін бірден өткізуді шештік.
- Команданың ҚР Кубогінде көрсеткен нәтижелеріне қандай баға бересіз? Білмейтіндерге айтып өтейін, «қола» үшін болған күресте «мәмлүктер» астаналық «Номадтан» 1:2 есебімен ұтылып қалған болатын.
-Мен команданың ойынына оң баға беремін. «Мәмлүктер», егер ҚР Кубогінің барлық бақылау ойындары туралы айтсақ, 13 матч өткізіп, оның 10-ында жеңіске жетті. Тек екі ойында ғана негізгі уақытта ұтылып, бір ойында овертаймда есе жіберіп қойды.
«ЖС» анықтамасы
ҚР чемпионатының екі турынан кейін «Бейбарыс» турнир кестесінде 8 ұпаймен 4-орында тұр. Алдыңғы үш орынға сәйкесінше «Ертіс», «Арыстан» және «Горняк» командалары орналасқан.
Матч нәтижелері:
3 қыркүйек, Қарағанды, «Бүркіт» - «Бейбарыс» 1:3.
4 қыркүйек, Қарағанды, «Бүркіт» - «Бейбарыс» 1:2.
7 қыркүйек, Алматы, «Алматы» - «Бейбарыс» 4:1.
8 қыркүйек, Алматы, «Алматы» - «Бейбарыс» 1:2 (1:1, буллит бойынша 0:1).
- Сіздерде бүгін жаттығу болуы керек. Электр қуатының жоқтығынан болмай қалды ма?
- Бұл маған қойылатын сұрақ емес. Меніңше, жоспарлы өшіру болған сияқты. Қалаға үлкен қонақтар келейін деп жатыр. Мұз сарайының маңынан маңызды нысандар салынып жатыр. Бұл «Бейбарысқа» бағытталған қастандық емес. Біз жаттығуды тренажер залында өткіздік. Генераторлар жұмыс жасады, жарық болды.
- Команда Қазақстан чемпионатынан өзге тағы қандай турнирлерге дайындалып жатыр?
- Бізге маңыздысы - ҚР чемпионаты. Жаңа жыл қарсаңында Қазақстан құрамасының Еуросессияларға қатысуымен байланысты 20 күндік үзіліс болғанда қандай да болмасын бір турнирге қатысуды жоспарлап отырмыз. Жігіттер бабында болу үшін осындай турнирлер керек.
- Команда құрамында жарақаттанғандар бар ма?
- Өкінішке орай, «Бүркітпен» болған екінші кездесуде команда капитаны Женя ДЕРЕБИН тізесінен ауыр жарақаттанып, маусым аяғына дейін ойнай алмайтын болып қалды. Қазір оған операция жасалды, бірақ ұзақ оңалту кезеңдері бар. Ол капитандық белгісін Георгий ПОБЕДОНОСЦЕВКЕ қалдырды. Михаил Козлов жарақат алды. Ол да оңалту курстарынан өтеді. Жаңа жылға дейін «мәмлүктер» сапына қайта оралады деп үміттенеміз.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ