Қалыс қалған салалар
Индер ауданындағы 4,5 мың халқы бар Есбол ауылында не мәдениет үйі, не дене шынықтыру-сауықтыру кешені жоқ.
Бұрынғы мәдениет үйі былтыр балабақшаға айналған болатын. Баспанасыз қалған мәдениет қызметкерлері шараларды мектептің акт залында өткізуге мәжбүр. Бұдан екі жыл бұрын басталған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы тоқтап тұр. Бұған себеп – оның орналасқан жерінің қолайсыздығы, ауылдан жырақтау орналасқан.
- Бұл ауылдан300 орындық мәдениет үйінің сметалық құжа-ты дайын, - дейді Индер ауданы сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімінің бастығы Бауыржан ИМАНҒАЗИЕВ. – Мәдениет үйінің құрылысы демеу-шілікпен салынбақ, сол себепті қашан басталатыны әзірге бізге белгісіз. Ал дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің сметалық құжаты әлі жасалып жатыр.
***
Тағы бір жылыжай
Бұл Индердегі алтыншы жылыжай.
Жергілікті кәсіпкерГүлнәр ШАКИМОВА «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның Атыраудағы филиалынан несие алып, жалпы аумағы 3 гектар жерді алып жатқан жылыжайда қызаң мен қияр өсірмек. Жылыжай құрылысын шымкенттік «ЗероМакс» ЖШС оңтүстік кореялық әдіспен жүргізуде.
***
Ауылдағы бақ
Исатай ауданындағы Зинеден, Исатай ауылдарында шағын саябақтар ашылды.
Бұған бюджеттен әрқайсысына 1,5 млн теңгеден қаржы бөлінген болатын.
***
Құрылыста - жаңа мектеп
Жуырда Индер ауданы Құрылыс ауылындағы апатты жағдайда тұрған М. Мөңкеұлы мектебінің құрылысы басталды.
100 орындық мектеп құрылысына 251 млн теңге жұмсалмақшы. Қаржылай демеуші - КТК компаниясы. Құрылысты «Жер-Ана» ЖШС жүргізуде.
***
Жұмыс тапты
Жуырда Жылыой ауданының 300-ге жуық тұрғыны жұмыспен қамтылды. Олар «Сичим», «Isker», «Тисарион» ЖШС-теріне жұмысқа орналасқан.
Жылыой аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдар-ламалар бөлімінің мәліметінше,ауданда 1 035 жұмыссыз есепте тұрса, бүгінде соның 836-сы тұрақты жұмыс тапқан.
***
Қалдықтар өңделеді
Мақат кентінде қоқыс өңдейтін цех өз жұмысын бастады.
Қатты қалдықтар мен баклашкалар енді арнайы аппараттармен престеліп, құтылар буылып түйілетін болады. Цехты жергілікті кәсіпкер Сұлтанғали АМАНИЯЗОВ ашты.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА