Құлсары қаласының әкімі Шәкір КЕЙКИН «Достық» саябағында урналарды ұрлап, мүсіндерді бүлдіріп кету фактілері жиі кездесіп отырғанын айтады.
- Қазір біз бұзақыларды анықтау мақсатында саябақ алдынан полиция қосынын ашып, бейнебақылау орнатып жатырмыз. Ал мердігер бір жыл кепілдігі болуына байланысты бүлінген жерлерді қайта қалпына келтіруде, -дейді Ш.Кейкин.
6 гектар аумағы бар «Достық» саябағы биыл 1-ші ықшам ауданнан пайдаланылуға берілген болатын. Жақында қаладан тағы бір саябақтың ашылу салтанаты өтетін күн жақын. Құрылысы маусым айында басталған «Жансая» саябағы 5-ші ықшам ауданда салынып жатыр. Құрылыс жұмыстары қазанда бітуге тиіс.
Екі саябақтың құрылысын салушы - «АлемКонстракшнГруп» ЖШС. Қаржы ТШО-ның демеушілігімен бөлінген. Бүгінде төсемтас төсеу жұмыстары жүріп жатыр (суретте). Учаске бастығы Арман НҰРҒАЛИЕВ жұмысты мерзімінен бұрын бітіруді жоспарлап отырғандығын айтады. «Достықтағы» сияқты мұнда да хауыз, жайлы және тербелмелі орындықтар, әртүрлі аң бейнелері, спорттық тенис үстелі, әдемі үйшіктер, балалар ойын алаңы болады.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА