Атырау, 21 желтоқсан 15:07
 ашықВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Спорт жаңалықтары

2 766 просмотра

Муай-тайдағы алғашқы халықаралық төреші

Тамыз айының аяғында Севастополь қаласында тай боксынан жабық чемпионат өткізілді. Тәуелсіз төреші ретінде атыраулық муай-тай шебері, ҚР спорт шебері, жаттықтырушы Бақытжан МҰХАМБЕТАЛИЕВ шақыртылды.  

Мұхамбеталиев – бүгінде осы спорт түрінен Қазақстандағы жалғыз халықаралық дәрежедегі төреші. Ол - «Қайсар» карате және муай-тай клубының жаттықтырушысы Айбат РАХМАННЫҢ шәкірті.

- Алғашқы төрелік еткен айқасым әлі көз алдымда. Қатты толқып, қателік жібермеуге тырыстым, - деп есіне алды ол. – Бұл 2009 жылы Латвияның Лиепай қаласында болған еді. Ол кезде мен университетті аяқтап, ұлттық дәрежедегі чемпионаттарда төрелік етіп, ішкі істер органдарында жұмыс жасап үлгергенмін. Алайда, мен қашан да спортқа ұмтылдым, өзімді тек осы салада ғана көрсеткім келді. Сол 2009 жылы мен Тайландта сәйкесінше аттестациядан өтіп, халықаралық төреші атандым. 

Мұхамбеталиев «Қайсар» спорт клубындағы жаттықтырушылық жұмысын да ұмытпайды. Әлі күнге дейін жеке базалары жоқ жекпе-жек клубы қиыншылықтарға қарамастан 4 әлем чемпионын, 2 Еуропа чемпионын және 2 Әлем кубогының иегерін тәрбиеледі. 

Төрешінің айтуынша, Севастопольдегі чемпионат 5 күнге созылды. Қалаға Ресейдің барлық өңірінен 150-ге жуық спортшы жиналды.

- Мен күн сайын 10 жұпқа дейін төрелік еттім, - дейді ол, -бір байқағаным, ресейлік спортшылардың дайындық деңгейі өте жоғары, алайда, қазақстандық спортшылар олардан еш кем түспейді.  

Анастасия ПАСТУХОВА

***

 

 

Отбасы спортқа кедергі емес 

Ресейдің Кстово қаласында қала күніне және Кстово самбо мектебінің 50 жылдығына арналған әскери самбодан Қазақстан құрамасы мен Кстово қаласы құрама командасы арасында «Чемпиондар айқасы» матчтық кездесуі өтті. 

Қазақстан құрамасын он спортшы қорғады. Олардың бірі - әскери самбодан Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері Қанат ӘШІМОВ өз айқасында жеңіске жетті. Өкінішке орай, матч қорытындысы бойынша құрама командамыз ресейліктерге 4:6 есебімен есе жіберіп қойды. Қанатпен бірге құрама сапынан Арман Оспанов, Сергей Зубков және Руслан Аушев сәтті өнер көрсетті.
Қанаттың жаттықтырушысы, облыстық джиу-джитсу федерациясының директоры Айбар ЕСМАҒАМБЕТОВ былай дейді: 

- Қанат – болашағы зор спортшы. Ол - жастар арасында қоян-қолтық айқас бойынша Азия чемпионы, джиу-джитсудан Қазақстанның 4 дүркін чемпионы және әскери самбодан Әлем кубогы кезеңінің жүлдегері. 2013 жылы отбасын құрып, уақытша жаттығуларын тоқтатты. Біз оның үлкен спортқа қайта оралып, Қазақстан құрамасының сапында сәтті өнер көрсетіп жүргеніне қуаныштымыз. 

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

***

 

Сырт алаңдағы жеңіліс 

14 қыркүйекте Талдықорған қаласында «Атырау» футболдан ел чемпионатының 25-туры аясында жергілікті «Жетісу» командасынан 0:1 есебімен ұтылып қалды. 

Жеңіліс әкелген голды қақпамызға Тарас Данилюк ойынның 14-минутында салды. Осы турдың қорытындысы бойынша, жетісулық клуб 31 ұпаймен премьер-лиганың «жан сақтау» алтылығында көш бастап келеді. «Атырау» 30 ұпаймен 8-орында келеді. 

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

18 қыркүйек 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.