«Холдинг «Кәсіпқор» Коммерциялық емес акционерлік қоғамы (КАҚ) «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-мен бірігіп, мұнай және газ өнеркәсібі үшін кадрларды дайындау және қайта даярлау жөніндегі өңіраралық APEC Petrotechnic орталығының базасында «Мамандық бойынша базалық білім алу» деп аталатын 10 айлық курс бағдарламасын таныстырды. Халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан жастарда мұнай-газ саласында тегін мамандық алу мүмкіндігі пайда болды.
Жаңа оқу бағдарламасының таныстырылымына бұрынғы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, қазіргі «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ адам ресурстарын басқару мен еңбекақы төлеу жөніндегі басқарушы директоры Серік ӘБДЕНОВ қатысты. Ол студенттер мен олардың ата-аналарын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, балаларға студенттік билеттерді табыс етті.
Он айлық дайындық курсы екі блоктан тұрады және оған ағылшын тілінің қарқынды курсы мен кәсіби бейімдеу пәндерінің курсы, сонымен қатар, жұмысшы мамандығы бойынша даярлық кіреді. Оқу жоғары санатты оқытушылар тарту арқылы Ұлыбритания мен АҚШ-тың шетелдік серіктестерінің білім беру бағдарламалары бойынша ағылшын тілінде жүргізілетін болады. Бірінші ағымда Қазақстанның түрлі өңірлерінен 160 бала оқиды. Бұлар село мектептерінен, балалар үйі мен жасөспірімдер үйінен, аз қамтылған отбасылардан шыққан түлектерден, мектептердің кәсіби бағытталған түлектерінен құралған 110 адам, сондай-ақ, мұнайшылардың еңбекші әулетінен 50 бала. Олар APEC Petrotechnic колледжінің студенттерімен тең дәрежеде заманауи жабдықтармен және практикалық сабақтарға арналған құралдармен жарақталған колледждің бүкіл зертханаларын қолдана алады. Курс дайын мамандарды – мұнай және газ өндіруші, газ жинаушы, ұңғымаларды жерасты жөндеуші операторларды, бұрғылау қондырғысының моторшыларын оқытып шығарады. Түлектер IADC сертификатына ие болады. Қысқа мерзімді курста алған мамандығы бойынша жұмысқа орналаса ма, әлде әрі қарай оқуын жалғастыра ма, әрқайсысы таңдау жасай алады.
Тамара СУХОМЛИНОВА