Бүгін Украина Жоғарғы Радасы Еуропа Одағымен ассоциация жайлы келісімді ратификациялау туралы заң қабылдады. «УНИАН» агенттігінің хабарлауынша, заңды бекітуді жақтап 355 депутат дауыс берген. Дауыс берілгеннен соң іле-шала құжатқа Украина президенті Петр Порошенко қол қойған.
Страсбургтегі Еуропа парламентінің жалпы отырысында ЕО-ның Украинамен ассоциациясы туралы келісімі заң жүзінде бекітілген.
Украина мен Еуропа Одағы 27 маусым күні Брюссельде ассоциация жайлы келісімнің экономикалық бөлігіне қол қойған. Тараптар еркін сауда аймағын құруды бір жылға кейінге – 2015 жылдың 31 желтоқсанына дейін қалдыруға келіскен болатын.
Украинаның бұрынғы билігі ЕО-мен ассоциация және еркін сауда аймағы туралы келісімге 2013 жылдың соңында қол қоюды жоспарлаған еді. Бірақ құжатқа қол қойылуы тиіс саммит басталуға аз уақыт қалғанда Украина үкіметі Еуропамен интеграцияны тоқтата тұратынын мәлімдеді. Биліктің ЕО-мен ассоциациядан бас тартуы Украинада жаппай наразылықтарға түрткі болып, оның соңы президент Виктор Януковичті қызметтен кетіру және оппозицияның билікке келуімен аяқталған.
Дереккөз: Азаттық радиосы