Атырау облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер бойынша сот алқасының төрағасы Әділхади ШИҒАМБАЕВОблыстық сот өздеріне қатысты облыстық мәслихаттың соңғы сессиясында айтылған сынға дереу жауап қайырды. Жиында пайдаланылмай тұрған жерлерді мемлекеттік меншікке қайтару ісінде соттардың әрекетсіздігі туралы айтылған еді. Бір күннен кейін облыстық сот төрағасы журналистерді жинап, мүлдем басқа сандарды жариялады.
«СОТТАР МҮЛДЕМ ЖҰМЫС ЖАСАМАЙДЫ»
Сәрсенбіде, 10 қыркүйек күні облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ жиналыста Атырау облыстық сотының төрағасы Мұхтар СМАҒҰЛОВТЫҢ жоқтығына кейіген болатын, өйткені биліктің оның ведомствосына қоятын талаптары көп екен. Жиналыста айтылған сандар жығылғанға жұдырықтай болды: облыс басшылығының деректері бойынша, анықталған пайдаланылмаған жерлердің 5%-ы ғана мемлекет меншігіне қайтарылған.
- Соттар неге жұмыс жасамайды?! – деп әкім осы келеңсіз статистикаға, өз пікірінше, кінәліні өткір атап өтті.
«ЖЕР КОМИТЕТІ, ШАҒЫМДАРЫҢ ҚАЙДА?»
Жұмада, 12 қыркүйек күні Атырау облыстық соты журналистерді брифингке жинап, әкімге жауап қайтарды және Атырау облысы бойынша жер телімдерін алу туралы азаматтық істерді қарау нәтижелері деректерін ұсынды. Мұнда мүлдем басқаша мәліметтер берілген.
- Бұл мәселелер (жер телімдерін қайтару) облыстық соттың жіті бақылауында, өйткені бұған дейін ҚР Қауіпсіздік кеңесі отырысында, сондай-ақ прокуратура, әкімдік және сот жүйесі органдарының қатысуымен өткен жиналыстарда алға қарай жер телімдерін қайтарып алу туралы көптеген талап арыздар келіп түседі деп мәлімдемелер жасалған болатын, - деді Атырау облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер бойынша сот алқасының төрағасы Әділхади ШИҒАМБАЕВ. – Алайда 2014 жылғы 1 қаңтардан бүгінге дейінгі кезеңде Атырау облысы соттарына құзіретті органдардан («ҚР Жер ресурстарын басқару агенттігінің Атырау облысы бойынша аумақтық жер инспекциясы» ММ) небары 32 пайдаланылмаған жер телімдерін алу және мемлекетке қайтару туралы талап арыз келіп түсті.
Облыстық соттың баспасөз қызметі жер инспекциясы көтерген осы 32 шағым бойынша толық есеп ұсынды. Атырау облысы және қаласының соттары 4 азаматтық іс қараған. Олардың ішінде үшеуі азаматтық істер бойынша қанағаттандырылса, 1 азаматтық іс тараптардың келісімге келуіне байланысты тоқтатылған.
Аудандық және оған теңестірілген соттар пайдаланылмағаны үшін немесе жер заңнамаларын бұза отырып пайдаланғанына байланысты жер телімдерін алу туралы 21 азаматтық іс қараған. Олардың ішінде 20 азаматтық іс бойынша шешім шығарылған: 15 талап арыз қанағаттандырылса, 5 іс бойынша қанағаттандырудан бас тартылған.
Бас тартулар сотта қаралу барысында анықталған себептер бойынша уәжделді: жер телімдері тағайындалымы бойынша (яғни, өтініште жазылған мақсатқа сәйкес) пайдаланылған немесе талапкер талап арыздарды басқа жауапкерлердің үстінен жазған.
1 азаматтық іс процесі тараптардың өзара келісімге келуі себепті тоқтатылды.
Жер инспекциясының өтініштері негізінде 3 талап арыз қаралмады және 2 талап арыз кері қайтарылды. Т.с.с. Барлық сот актілері күшіне енді. Сонымен, сотқа дейін жеткізілген 23 талап арыздың 18-і, яғни 78 %-ы қанағаттандырылды.
- Мемлекет меншігіндегі жер телімдерін өз беттерінше қосып алған және ресімделмеген учаскелерді жер құрамынан алуды талап ету туралы құзіретті органдардың талап арыздары бойынша азаматтық істер облыс соттарына түскен жоқ, бұл осы органдардың тиісінше жұмыс жасамай отырғанының көрінісі,- деп түсіндірді Шиғамбаев.
Ол «осы органдар» деп жер инспекциясын меңзеген болуы керек. Шетке шығарылған «кінәлі» осы болар...
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
Суретті түсірген автор