Президент Петр Порошенко Украинаның Еуропа Одағымен ассоциациясы жайлы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын Жоғарғы Радаға енгізді.
Украина мен Еуропа Одағы 27 маусым күні Брюссельде қол қойған ассоциация жайлы келісімнің экономикалық бөлігінде еркін сауда аймағын құру қарастырылған. Келісімнің экономикалық бөлігіне Порошенко маусым айының соңында қол қойған.
Украина – ЕО ассоциациясы туралы келісімді Жоғарғы Рада мен Еуропарламент бір мезгілде – 16 қыркүйекте заңды түрде бекітеді деп жоспарланған.
Сонымен бірге Украина мен ЕО ассоциация туралы келісімнің еркін сауда аймағы жұмыс істей бастайтын бөлігін қолданысқа енгізуді бір жылға кейінге – 2015 жылдың 31 желтоқсанына дейін қалдыруға келіскен болатын.
Украинаның бұрынғы билігі Еуроодақ ассоциация және еркін сауда аймағы туралы келісімге 2013 жылдың соңында қол қоюды жоспарлаған еді. Бірақ құжатқа қол қойылуы тиіс саммит басталуға аз уақыт қалғанда Украина үкіметі Еуропамен интеграцияны тоқтата тұратынын мәлімдеді. Биліктің Еуропа Одағымен ассоциациядан бас тартуы Украинада жаппай наразылықтарға түрткі болып, оның соңы президент Виктор Януковичті қызметтен кетіру және оппозицияның билікке келуімен аяқталды.
Дереккөз: Азаттық радиосы